Қарағандыда 3 жасар сәбиді өлтірген күдікті сотта қылмысын мойындамады
Тергеу кезінде қылмысын мойындаған күдікті сот барысында «Қылмысты қысым көрген соң, амалсыз мойныма алдым» деп жауап берді
Қарағанды облысының Шет ауданында 3 жасар Максим Ғарифуллинді өлтірген Игентай Сопыжанов тергеу кезінде қылмысты мойындағанымен, енді сот барысында «Қылмысты қысым көрген соң, амалсыз мойныма алдым» деп жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Полицейлерден жанжақты қысым көрдім. Бетперде киген олар мені ұрып-соғып мойындатты. Және Ника Васильеваға қатысты да тергеу жүргізуді сұраймын», – деді сотталушы Игентай Сопыжанов.
Ника Васильева – 23 жасар күдіктінің бұрынғы сүйіктісі әрі марқұм болған 3 жасар Максимнің анасы. Алайда, ол әйелді нақты не үшін тергеу керек екенін түсіндіре алмады.
Енді оның тағдырын алқа билер шешетін болады. 18 желтоқсандағы кезекті сот отырысында бұдан былайғы өтетін процестерге алқабилерді шақыру шешімі қабылданды.
Естеріңізге сала кетсек, қыркүйек айында Шет ауданына қарасты Бұрма ауылында жантүршігерлік оқиға болған еді. Бұған дейін, яғни 2014 жылы сүйіктісінің әпкесін балталап өлтіргені үшін сотталған қылмыскер мерзімінен бұрын босап шыққан соң біраз уақыт туған ауылында біресе жанжал шығарып, біресе ғашығынан кешірім сұрап, біраз уақыт босаға жағалап жүрген екен. Ал қыркүйек айының басында тапа-тал түсте нақсүйерінің үш жасар ұлы Максимді анасының қолынан тартып әкеткен. Тәртіп сақшылары мен еріктілер екі тәулік бойы іздеу жұмыстарын жүргізіп, қабырғалары сынып, басы жарылып, өкпесі езілген сәбидің мәйітін тоғай ішінен тауып алған болатын.
Игентай Сопыжанов қазір Қылмыстық кодекстің кәмелетке толмаған адамды ұрлау, кепілге алу және адам өлтіру баптары бойынша қамауда отыр.
«Мен қаскөйге қатаң жаза қолдануын сұраймын. Ол бірінші рет сотталып, абақтыдан шыққаннан кейін маған келіп, екі апта, ай, жыл бойы артымнан жүріп, сенімге кірді. Менің туысқанымды өлтірмегенін айтты. Мен оған сендім. Бұл менің қателігім екенін білемін. Пробация оның іс-әрекеттерін бақылауда ұстамады. Кез келген уақытта ауылға келіп-кетіп жүрді», - деді жәбірленуші, марқұм болған сәбидің анасы Ника Васильева.