ШұғылЕлімізде тағы 7778 адамнан коронавирус анықталды

Шығыс Қазақстан облысында мал қырылып жатыр

Олар жұқпалы дертке шалдыққан

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданына қарасты бірнеше елдімекенде мал қынадай қырылып жатыр деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі. Сәуір айының соңынан басталған індет әлі тыйылмай тұр. Ал, малшылар болса қорамыз қаңырап қала ма деп алаңдайды.

Шілікті ауылы Қытай елімен іргелес жатыр. Шекара шебінде орналасқан халықтың негізгі күнкөріс көзі – мал шаруашылығы. Өкінішке қарай, соңғы бірнеше айда ауданға дерт тарап, мал шетінен қырыла бастаған. Қорадағы түлігінен айырылған малшылар «шекаралық ауданнан үдере көшкеннің көкесі енді болайын деп тұр» дейді. Жергілікті биліктен қайыр болмаған соң, тұрғындар малдың қырылып жатқанын видеоға түсіріп, редакциямызға жолдады.

Белгілі болғандай, Шілікті, Жалши, Қарасай ауылдарында мал шығыны көп. Видео Шілікті ауылындағы шаруа қожалықтарының бірінде түсірілген. Мұнда 100-ден астам қозы қырылды. Алдымен малдың ауыз және мұрын қуыстарының шырышты қабаттары жараланып, кейін аяғын баса алмайды. Мәселенің анық-қанығын білмек ниетпен сол жердегі шаруа қожалығының иесімен сөйлестік.

«Менде 150 бастан астам қозы қырылды. Ауылда ірі қара да өліп жатыр. Осыған дейін әкімдік тарапынан сараптама да, акт де жасалған жоқ. Енді ғана қимылдады. Өлген төлдерді әкімшілік мамандарымен бірлесіп, ауыл азаматтары өзіміз тазартып жатырмыз. БАҚ өкілдеріне хабарласқанымыздан кейін ғана облыстан тексеру келіп, сараптама жасады. Ауру белгілері: ұсақ мал алдыңғы екі тізесінен кібіртіктеп ақсайды. Ауыз және мұрын қуыстарының шырышты қабаттары жараланып, тынысы тарылады. Кейін ыстығы көтеріліп, өкпесін соғып өледі. Жұғымталдығы өте тез», - дейді «Нұр­дәулет» шаруа қожалығының иесі Айболат Лекеров.

Облыстағы ветеринарлар алғашында қозы мен бұзау қыстан көтерем шыққандықтан аштан өліп жатқанын айтқан.

«Ешқандай жұқпалы ауру жоқ. Ауылдық округтегі барлық мал қыстан көтерем шыққан. 25-28 сәуір аралығында күн суытып, жауын жауды. Осыған байланысты иммунитеттері әлсіреген мал қолайсыз ауа райы салдарынан өліп жатыр. Ауырған малдан сынамалар алынып, облыстық зертханаға тапсырылды», - деген болатын ШҚО ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Ертай Батхолдин.

Десе де, араға уақыт салып, сараптама нәтижесі де белгілі болды. Соның қорытындысы бойынша малдың «анаэробты интер таксин» деген инфекциядан өлгені дәлелденді. Бұл малдың ішкі құрылысын зақымдайтын ауру. Ал қазір осы Шілікті ауылы мен оның маңындағы бірнеше қожалықтың ірі қарасы ауыра бастады.

«Аурудың сараптама қорытындысы шықты. Ауру екені анықталып, аштан өлмегені дәлелденді. Ол ауру күні бүгінге дейін жалғасып жатыр. Ұсақ малдан қойлар ақсап жатыр. Төлдің өлуі тыйылды. Ауру тоқтамағанына оның алдын-алу іс-шараларының жүргізілмегеніне алаңдаймыз. Індет әлі тоқтаған жоқ», - дейді Айболат Лекеров.

Ауру тоқтамағанын басқа шаруашылық иелері де растап отыр. Қазір белгісіз індет ірі қарадан да шығуда.

«Аусылдың белгілері бар. Сілекейі ағып, аузы уылады. Солай деп топшылап отырмыз. Сиыр ауырды да, бұзау тастап кетті. Әйтпесе, бүтін жүрген сиыр болатын. Өзіміз тотиайын, итокеспен егіп, ақырын емдеп отырмыз. Басқа қолдан келетін шара жоқ», - дейді бақташы Айдос Мәдиев.

Малшылар төрт түлікке қолдан келген емін жасап әбігерге түсіп жатқанда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі оны теріске шығарып, бүгінгі таңда Шілікті ауылдық округінде аса қауіпті аурудан мал өлмегенін хабарлады.

Ал тұрғындар болса министрліктің неге бұлай қорытынды шығарғанына аң-таң.

«Ауру әлі тиылар емес. Егер сондай қауіпті ауру болмаса малымызды сатуымызға неге шектеу қойып отыр? Ауылда мал сатуға рұқсат бермей жатыр. Себебін өздері де білмейді. Енді малға қысқы жем-шөп алуға қаржатты кімнен аламыз? «Ауруын жасырған өледі» дегендей ертең қорамыз қаңырап қалса, ауыл бос қалуы мүмкін», - дейді қожалық иелері.

Шарасы жоқ шаруалардың жағдайынан облыстағы ветеринария саласына жауапты органдар түгел хабардар. Тіпті жазғытұрым өлген төл үшін жеке қожалықтарға өтемақы төленбейді. Ветеринарлардың айтуынша, «анаэробты интер таксин» деген індет өтемақы төлейтін аурудың тізімінде жоқ.

Малшыларға енді осылай қорасының қаңырап қалуын күткеннен басқа амал жоқ. Олар індетті дер кезінде ауыздықтамаған жергілікті органдардың сылбыр жұмысын сынға алуда.

Таунар Қайратұлы, Шығыс Қазақстан облысы