ШұғылCOVID-19: Қазақстанда өткен тәулікте 7800-ге жуық адамнан вирус анықталды

Оралда мас күйде көлік айдап, жол апатына ұшыраған полиция өкілі қызметінен босатылды

Оның тікелей басшылары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады

Берік Ибрашев, фото: mgorod.kz

13 маусым күні сағат 02:39-да Орал қаласындағы М.Шолохов пен Ғ.Құрманғалиев көшелерінің қиылысында Volkswagen Passat маркалы көліктің рөлінде болған Абай полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы арақашықтықты сақтамай, алдында кетіп бара жатқан - 33 жастағы әйел тізгіндеген Audi A4 автокөлігін соққан. 

БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібековтің хабарлауынша, жол-көлік оқиғасынан кейін екі жүргізуші де медициналық куәландыруға жіберіліп, сараптама қорытындысына сәйкес жүргізуші әйелдің сау, ал полиция қызметкерінің жеңіл дәрежеде мас күйде болғаны анықталған.

БҚО ПД ресми өкілінің айтуынша, полиция қызметкері 12 маусым күні кешкісін үйінде аздаған мөлшерде ішімдік ішкен. Бірақ сағат 02:15-те жұмысқа шақыртқаннан кейін автокөлік жүргізген.

«Расымен, полиция қызметкерін жұмысқа шақыртылғаны анықталды. Қазір оған қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр, соның қорытындысы бойынша ең қатаң шара қолданылатын болады», - деді Б.Белгібеков.

21 маусымда Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында Абай полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Б.Ибрашевқа қатысты әкімшілік іс қаралып, полиция қызметкері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы 3-бөлігі бойынша (көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқару) жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.

Сондай-ақ 21 маусымда Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті тәртіптік комиссиясының шешімімен Б.Ж.Ибрашев теріс қылығы үшін ішкі істер органдарындағы қызметінен босатылды. Сондай-ақ, оның тікелей басшылары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады.