«Сайрам-Өгем» шатқалынан тағы бір адамның мәйіті табылды
Осыдан тура бір ай бұрын 7 турист «Сары-Айғыр» шатқалына бет алған, 28 мамырда жоғалған жетеудің үшеуі табылды
Түркістан облысының Төлеби ауданына қарасты «Сайрам-Өгем» шатқалында тағы бір адамның мәйіті табылды. 22 маусым сағат 11:50-де Шымкент қаласы ТЖД жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мәйітті Айғыржыққан және Өгем өзендерінің тоғысқан жерінен екі шақырым жоғарыда су түбінен тапқан. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
Мүрдені тасымалдау үшін «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы оқиға орнына аттанды. Табылған мәйіт сараптама жасалу үшін полиция қызметкерлеріне табысталады.
Іздестіру жұмыстары 8 бағыт бойынша жүргізілді. Оған 107 адам, 17 бірлік техника, 3 квадрокоптер, 4 кинологиялық есеп пен 1 тікұшақ жұмылдырылды.
Еске сала кетейік, Төлеби ауданындағы Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 7 адамның жоғалғаны туралы хабарлама 25 мамыр сағат 18:30-да келіп түсті. 21 мамырда туристер «Сары-Айғыр» шатқалына бет алған. Құтқарушыларға хабарласқан адамның айтуынша, олар 24 мамырда үйге оралуы керек еді.
Түркістан облысында жоғалған жеті адамның алтауы - Назарбаев университетінің 4 курс студенттері. Тағы бірі - Кентау лицейінің түлегі.
Екі жігіт - Ақтөбе, үшеуі - Атырау, қалғаны Орал және Жезқазған қалаларынан. Құтқарушылар тауға кеткен жеті азаматты үш күннен бері іздестіріп жатыр. 21 мамыр таңғы сағат 8-де олар саябақтың бақылау-өткізу пунктінде тіркеуден өткен.
28 мамырда Түркістан облысында жоғалған жеті студенттің үшеуі табылды. 29 мамырда жоғалған студенттердің екеуінің денесі табылды. Қалған екі адамды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
8 маусымда Өгем өзенінің бойынан жоғалған студенттердің заттары табылды.
12 маусымда Сайрам-Өгем шатқалында жоғалып кеткен студенттердің бірінің денесі табылды.