Ақтөбеде жолда бұзылып қалған автобустан 50 өзбекстандық құтқарылды
Самара – Шымкент тасжолында Өзбекстан азаматтары мінген автобус бұзылып қалды
Самара – Шымкент тасжолында өзбекстандық азаматтар мінген автобус бұзылып қалған. Полиция мен төтенше жағдайлар қызметінің қызметкерлері суықта қалған жолаушыларды құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі аймақтық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Самара – Шымкент тасжолы полиция мен төтенше жағдайлар қызметінің бақылауына алынды. Патрульдік полиция қызметі жол жиегінде тұрған автобусты көріп, көмекке барды. Автобус бұзылғандықтан, дәнекерлеу жұмысы қажет болды.
«Автобус салонында 54 жолаушы болған. Оның 50-і - Өзбекстан, төртеуі - Тәжікстан азаматы және көлік жүргізушісі бар. Ресейдің Перьм қаласынан Өзбекстанға бет алған жолаушылар екен. Көлік бұзылған кезде бірнеше сағат жолда қалып, тоңған. Полиция барлық жолаушыны жақын маңдағы жанар-жағармай бекетіне жеткізіп, оларға ыстық шай ұсынды. Кейін дәнекерлеу құралын жеткізіп, автобусты жолға дайындады», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Айта кетсек, Самара – Шымкент бағытымен жүрген автобус Ырғыз ауданы маңында тағы бұзылып қалған. Жергілікті полиция қызметі көмекке барып, автобусты кемпингке жеткізді. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң қайта жолға шығып, жолаушы толы қоғамдық көлікті Қызылорда облысының аумағына дейін бақылады.
«Полиция үнемі жолда көмек көрсетіп жүр. Автобус жүргізушілері жолаушылардың өміріне селсоқ қарап, техникалық жағдайын назардан тыс қалдырады. Кейбір көлік иесі қарапайым су құйып, жолда қалып жатыр. Қыстың аязында бұл өте қауіпті», - деді Ерболат Сарқұлов.