ШұғылҚазақстанда бір тәулікте 1,5 мыңға жуық адам коронавирус жұқтырды

Түркістан облысының тауларында жоғалып кеткен 4 турист табылды

Туристер екі тау өзенінің арасында жүріп келе жатқан жолда адасып кеткен

Полицейлер мен құтқарушылар Түркістан облысының тауларында жоғалып кеткен 4 туристті тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, полиция бөліміне Сайрам-Өгем шатқалында 4 адамның жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түскен.

«Шымкенттен келген жергілікті тұрғындардың отбасы екі автокөлікпен 2021 жылдың 7 маусымында «Безымянный» шыңына аттанғаны анықталды. Әже, оның келіні мен екі немересі төменде қалған, ал 1981 және 1984 жылғы екі ер адам 2005 және 2008 жылғы екі ұлымен бірге өз жолдарымен жүріп кеткен. Олар 9 маусымда қайтып келуі керек еді, бірақ келмеген соң төменде қалған әже мен келіні уайымдап, 102 нөмірі арқылы Төлеби ауданының полиция бөліміне хабарлаған», - делінген хабарламада.

Полиция қызметкерлері дереу арызды тіркеп, полиция қызметкерлері, ТЖД және қорықшылар қатарынан үш мобильді топты құрып, іздеу жұмысына жұмылдырылды. Олар жаяу жүріп Сайрам-Өгем табиғи қорығының аумағын тінтіді. Яғни мемлекеттік саябақтағы шатқал, массивтер, жар, тау бөктері мен тау беткейлерін мұқият қарап шықты.

«10 маусымға қараған түні іздеу шараларының нәтижесінде мобильді топтардың бірі жоғалған туристерді дін аман тауып, туыстарына қайтарды. Белгілі болғандай, туристер екі тау өзенінің арасында жүріп келе жатқан жолдан адасып кеткен», - делінген ПД хабарламасында.

Түркістан облысының полицейлері азаматтарға мұқият болуды және алдын ала белгіленген жолдарынан басқа жаққа қарай шықпауды, туыстарына жол жүрулері мен діттеген жерге қалай жетуді жоспарлағаны жайлы хабардар ету керек екенін ескертеді. Сондай-ақ міндетті түрде алдын ала ауа райы болжамын қарап, жолға шыққанда карта, компос және зарядталған ұялы телефон алып жүруді кеңес етеді.