$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.06.2021, 23:19
Оқиғалар

Ақмола облысында алқабилер соты 12 жасар қызды зорлаған күдіктіні ақтап алған

27 және 29 жастағы үш жігіт қаршадай қызға жарты жыл қиянат жасап және қорқытып келген

Елорда маңындағы Қараөткел ауылында 12 жастағы қыз баланы жарты жыл бойы зорлаған 3 қылмыскердің біреуі бостандыққа шықты. Педофилді абақтыдан босату алқабилердің жасырын дауыс беруімен шешілген. Жасөспірімнің туыстары мұнымен келіспейді. Қылмыстың барлық дәлелі болса да, сот шешімі күдіктіні бостандыққа жіберіп қойғанына ашулы, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

27, 29 жастағы 3 жігіт кәмелет жасқа толмаған қызға жарты жыл қиянат жасаған. Жасөспірімге «Біреуге айтсаң, өзіңді жаман атты етеміз» деп қорқытқан. Жәбірленушінің анасы сұмдық жағдайды естігенде есінен тана жаздапты. Оқиға болған жерді күдіктілердің бірі көрсеткен.   

«19 жылдан басталған жағдай бұл. 2020 жылдың маусым айында байқаусызда қызымның мойнында қызыл дақ бар екенін біліп қалдым. Содан қызымнан сұрап бастап едім, ол басында айтпады. Психологтармен сөйлесе келе, соның барысында қызымның бірнеше мәрте зорланғанын білдік», - деді жәбірленушінің анасы Әсем.    

Бір жыл бұрын дәл осы жерде 3 жігіт өздерінің арам пиғылдарын іске асырған. Тик-ток түсіруге келген қаршадай қызды 3 жігіттің екеуі күштеп сол жерге әкелген. Өкініштісі, бұл сұмдықты осы жерден өткен тұрғындардың ешқайсысы байқамаған.

Жасөспірімнің анасы сотқа бар дәлелді жеткіздік дейді. Арнайы зертханалық сараптама да қызды күдіктілердің зорлағанын растайды. Ал мынау бейнежазбада күдіктілердің бірі жасаған әрекетін мойындаған.  

25 мамырда Көкшетауда өткен сот отырысында 3 күдіктінің екеуіне қатысты сот шешім шығарды. Біреуін 20 жылға, екіншісін 21 жылға бас бостандығынан айырды. Және әрқайсысы 2 миллион теңге моральдық шығын өтейді. Ал үшінші күдікті сот процесін алқа билердің қатысуымен өткізуді талап еткен. Соның нәтижесінде, алқаби мүшелерінің жартысынан астамы қылмыскерді кінәсіз деп тауып, толықтай ақтап шықты.  

«Қатысушылардан 10 алқаби және 1 сот дауыс береді. Әрқайсысында 1 дауыстан болады. Соттың басқалардан артықшылығы жоқ. Шешім көпшілік дауыспен қабылданады. Әрқайсысы өз ұятымен, ар-ожданымен және ішкі түйсігімен дауыс береді», - деді Ақмола облысының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Торғалы Бектұрсынов.  

Бұл шешіммен келіспеген жәбірленуші тарап «НеМолчи» қорына шағымданды.  Қоғамдық белсенді Дина Смайылованың айтуынша, алқабилердің алдына қылмыскерлер туралы ақпарат  толық жетпейді.  

«Қазақстандағы алқабилер соты – барлық жағдайда қолданатын тәсіл емес. Мен алқабилерге сот процесі туралы барлық ақпараттың берілмегеніне ашуландым. Олар кейбір ақпаратты біржақты қабылдап, эмоционаға беріліп кетеді деп қорқады. Бірақ кешіріңіз, сіз оларды төрешілер деп таңдап алдыңыз, яғни барлық дәлелдермен таныстырыңыз», - деді «НеМолчи» қоғамық қорының басшысы Дина Смаилова.

Қыздың анасының айтуынша, алқаби құрамының дені – мұғалім. Ал босап шыққан қылмыскердің туысы – мектеп директоры. Сондықтан олар мектеп директорымен ауыз жаласып,  әділетсіз шешім қабылдады дейді. Бұл қылмыстық сот ісі бір жылға созылған. Енді жәбірленген қыздың ата-анасы қайта апелляциялық шағым бермек.
 

Серіктес жаңалықтары