ШұғылCOVID-19: Қазақстанда вирус жұқтырғандар саны 406 мыңнан асты

Тараз тұрғынынан 5 келіден астам есірткі тәркіленді

Кептірілген марихуана қызметтік иттің көмегімен табылды

Жамбыл облысының Полиция департаменті  Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Тараз қаласының 48 жастағы жергілікті тұрғынын ұстап, оның тұрғылықты жерінен санкцияланған тінту барысында жалпы салмағы 5 келі 150 грамм «кептірілген марихуана» есірткі заты табылып, тәркіленді. Тінту Теа атты қызметтік иттің қатысуымен жүргізілді. 

«Аталған дерекке қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабы 4-бөлігі (Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Осы қылмысты жасағаны үшін 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы түріндегі қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Ұсталған азамат кінәсін мойындады, ол Тараз қаласы Полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды», - деді Жамбыл облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы А.Жұмабеков.