«Кез келген жолаушылар пойызында білікті дәрігер болу керек» – қоғам белсенділері Бас көлік прокуратурасына шағымданды

Автор: Azattyq Rýhy

Жақында «Азаттық рухы» порталы пойызда күйіп қалған балаға көмек көрсетпеген қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны жайлы ақпарат жариялаған еді

Фотода: пойызда денесі күйген бала

2019 жылдың 3 маусымында №377-378 «Алматы-Маңғыстау» бағытындағы пойызда жолаушы әйелдің 1,5 жасар қызының үстіне ыстық су төгіліп, кеудесі тұтастай күйіп қалған. Бұл оқиға 2019 жылдың 3 маусымында «Бейнеу» стансасына жетпейтін тұста болған. Пойыз орнынан шұғыл қозғалып, нәтижесінде стақандағы ыстық су баланың үстіне төгілген. Пойыз қызметкерлері алғашқы көмек көрсету үшін баланың күйген денесіне тіс пастасын жаққан, сондай-ақ көмекке мұқтаж ананы сәбиімен бірге «Бейнеу» стансасында қалдырып кеткен. Бұл жағдай осыдан 6 ай бұрын болса да, күйген балаға көмек көрсетпеген қызметкерлердің үстінен қылмыстық іс енді қозғалып отыр.

Баланың анасы Альбина Ташмұхамедова бұл оқиғаның Ресейдегі төркініне қыдырып бара жатқанда болғанын айтады. Пойыз купесінде (№377-378 «Алматы-Маңғыстау» бағытындағы пойыз – авт.) өзімен бірге 6 және 1,5 жастағы екі қызы болған.

«Бейнеуге» 3-4 сағаттық жердегі шағын стансада тоқтап тұрған пойыз орнынан кілт қозғалды. Сол сәтте үстөл үстінде тұрған стақандағы ыстық су қыздарымның үстіне төгілді. 6 жасар қызымның аяғы сәл күйді. Ортада отырған кіші қызымның мойыны, иығы, қолтығы және кеудесі тұтастай күйіп қалды. Шырылдап жылаған қызымның футболкасын шешкенде, терісі де бірге сыдырылып түсті», - дейді анасы А.Ташмұхамедова.

Баланың анасы пойыз жолсерігінен бірде-бір дәрінің табылмағанын айтады. «Катанал», «жақпа май», «ибуфен» сынды дәрілерді жолаушылардан алған. Арада 20-30 минут өткенде арба сүйреткен пойыз мейрамханасының қызметкері бұрынғы акушер екенін айтып, баланы алып кеткен. Алайда олар жолсеріктің купесіне барып, баланың күйген денесіне тек тіс пастасын жаққан. Артынан пойыз басшысы келіп, жолаушы әйелден балаға «алғашқы медициналық көмек» көрсеткендерін қағазға қолхат қып жаздырып алған.

«Бейнеу» стансасына келгенде бізді медбике қарсы алып, балаға көмек көрсетті. Мен «осында қалып ем алу керек пе, әлде кете беруімізге бола ма?» деп сұрадым. Олардың сапарды жалғастыруға болады деген сөзіне таң қалдым. Ал полицияға болған оқиғаны ауызша түсіндірдім. Олар орысша айтқан сөздерімді қазақша жазып, соңында оған да қол қойдырды. Полиция 15 күннің ішінде хабарласатындарын айтты. Біз ары қарай ана мен бала бөлмесіне барып, «Бейнеу-Грязи» бағытындағы пойызды күттік. Бірақ түнгі сағат 3-те ол бағытқа пойыздың жүрмейтінін, кестені бір күн бұрын ауыстырғанын білдім. Кассирден жуырда жүретін пойыздарға билетті ауыстырып беруді сұрадым. Жылап тұрғаныма кассадағы әйел күліп, шәй ішуін жалғастырды. Оларға менің қиын жағдайым бәрібір болды», - деді екі баласымен далада қалған ана.

Ертесіне температурасы көтерілген, әрі аш екі баламен «Маңғыстау-Алматы» бағытындағы пойыздан қалып қоймас үшін бар ақшасын беріп, пойыз мейрамханасына полицейлердің көмегімен билетсіз отырып кеткен. Арып-ашып, шаршаған анаға өзі сияқты билетсіз отырған жолаушы Қызылордаға дейін көмек көрсетіп, үйіне алып барған. Дәрігерлерге қаратып, Альбина Ташмұхамедова екі баласымен Алматыға 6-маусым күні бір-ақ жетіпті. Сосын Алматыда оның қызын шұғыл жансақтау бөліміне алып кеткен. Арада 6 ай өтсе де, нәтиже болмаған оқиғаға тек «НеМолчиKZ» қоғамдық қоры араласқан соң ғана іс қозғалыпты. 

«Кішкентай қыздың денесін I, II, III дәрежелі күйік шалған. Баланы қалдырып кетпей, керісінше тікұшақ шақырту керек еді. Екі баласы бар анаға қауіп төніп тұрды. Баланың жағдайы ауыр, білікті медициналық көмек көрсетілмеген, ауруханаға жеткізілмеген, қайту билеттері мен елді мекендерге жету мүмкіндігі берілмеген. Бұл жас балаға қарсы жасалған қылмыс! Осы істі еліміздің Бас көлік прокуроры Ернат Сабынқұловтың бақылауына алуды сұраймыз!», - дейді «НеМолчиKZ» қоғамдық қорының жетекшісі Дина Смаилова.

Төркініне жете алмай, орта жолдан кері қайтқан әйелге кейіннен «ҚТЖ» атынан бір өкіл келіп, істі жауып, арызданбау үшін 200 мың теңге ұсынған. Алайда А.Ташмұратова материалдық, моральдық шығын талап етпейтінін, тек жауапсыздардың жазалануын қалайтынын айтады. Бүгінде толық жазылмаған баланың анасына заңдық және психологиялық тұрғыда көмек көрсетіп жатқан қор жетекшілері кез келген жолаушылар пойызында білікті дәрігер болу керек деп санайды. Ал бас көлік прокуратурасы аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК 344 бабының  (Темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу) 1 тармағы бойынша іс қозғалғанын мәлімдеді.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы