Қарағанды облысында мотоцикл көлікке соғылып, 11 жастағы бала көз жұмды
Сондай-ақ 14 жастағы жасөспірім түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді
Қарағанды облысында жол-көлік апатынан 11 жастағы бала көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«5 маусым күні Жезқазған – Қарағанды тасжолында 14 жасар жасөспірім жүргізіп келе жатқан «Восход» мотоциклі мен 42 жастағы ер адам тізгіндеген Toyota Camry автокөлігі соқтығысқан», - делінген облыстық ПД баспасөз хабарламасында.
Алдын ала болжам бойынша мотоцикл жүргізушісі жүріп келе жатып жолдың сол жағынан оңға қарай бұрылмақ болған сәтте автокөлікке соғылған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан мотоциклде отырған 11 жастағы бала қайтыс болды. Мотоцикл жүргізушісі түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді.
Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Скутер, мопед және мотоцикл қазіргі уақытта кәмелет жасқа толмағандар арасында ерекше қызығушылық тудыратын көлік құралының бірі. Олар аталған көлікті жүргізгенде қауіпті жағдай туралы оайламайды. Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін ата-аналары да бақылауда ұстамайды. Олар балалардың жасына және көлікті жүргізу тәжірибесіне де мән бермейді. Егер, балаларыңызға «сәндегі» көлік құралын сатып әпергіңіз келсе, олардың 16 жасқа толғанын күтіңіз. Сондай-ақ, балалардың қауіпсіздігі мен көлікке мінерде қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіңіздер. Ең бастысы, балаларыңыздың жүргізу тәжірибесімен және жүргізуші куәлігінің болуын қамтамасыз ету қажет», - деді Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин.