Оралда жүкті келіншек отырған жедел жәрдем көлігі апатқа ұшырады
Сондай-ақ тағы бір жүргізуші жаяу жүргіншіні қағып мерт қылды

Оралда жүкті келіншек отырған жедел жәрдем көлігі жол апатына ұшырады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, 27 мамыр күні сағат түскі 14:00 шамасында Сергей Тюленина және Шолохова көшесінің қиылысында Тойота маркалы автокөлігі мен жедел жәрдем көлігі соқтығысқан.
«Жол-көлік оқиғасы кезінде жедел жәрдем көлігінде жүкті әйел мен медициналық қызметкер болған. Қазіргі уақытта олар ауруханаға жеткізілді. Оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр», - делінген ПД хабарламасында.
Сонымен қатар, осы уақыт шамасында қалада тағы бір жол-көлік оқиғасы болды.
27 мамыр күні сағат 13:47 шамасында Volkswagen Golf маркалы автокөлігінің жүргізушісі жол ережесін бұзып, Абай даңғылы бойынша белгіленбеген жерде жолды кесіп өткен. Соның салдарынан 1952 жылы туған жаяу жүргіншіні қағып кетті.
«Өкінішке қарай, Абай даңғылы бойында жол ережесін бұзып, белгіленбеген жерде жолды кесіп өткен 68 жастағы зейнеткер сол күні сағат 17:36 шамасында ауруханада көз жұмды», - делінген хабарламада.
БҚО Полиция департаменті тұрғындардан жол жүру ережелерін қатаң сақтауды сұрайды.