БҚО-да көз жұмған келіншектің туыстары дәрігерлердің жазаланғанын талап етеді
ПТР-тест алынған соң науқас қабылдау бөлімінде алты сағат қараусыз жатып қалған

Батыс Қазақстанда науқастарды қабылдау бөлімінде жас келіншек көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.
Марқұмның туыстары бұған дәрігерлерді кінәлайды. Айтуынша, Жұлдыз Мусина аудандық ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізілген. ПТР-тест алынғаннан кейін, алты сағат қараусыз жатып қалған. Оны емдеуге ақ халаттылардың ешбірі асықпады дейді. Таңертең түскен науқас кешкі сағат төртке дейін солай жатқан.
«Жұлдыздың артында екі баласы қалды, өз ісіне салғырт қараған дәрігерлер жазалансын» дейді жақындары.
«Менің 40 жыл еңбек өтілім бар. Бірақ мен мұндай дәрігерді көргенім жоқ. Олар ұмытып кеткен жоқ. Бұл науқас өміріне немқұрайлы қарау! Олар оны жас, өле қоймайды деп ойлады. Аяғымен кеткен кісі ғой. Тек дәрігерлер дұрыстап түсіндірмеген, қарамаған, олардан моральдық қолдау көрмеген. Қатты шок алғаннан жүрегі тотап қалған», - дейді марқұмның туысы Гүлайым СӘНІМОВА.
Ал облыстық Денсаулық сақтау басқармасы бұл жағдайға қатысты ауызша ғана жауап берді. Олардың мәліметінше, барлық ем-дом қабылданған алгоритмге сай жүргізілген. Жұлдыз Мусинаның ажалына не себеп болғанын анықтау үшін сот-дәрігерлік сараптама тағайындалған.
«Бекітілген алгоритмге сай, науқастан қабылдау бөлімінде ПТР-тест алынды. Тыныс алуы қалыпты болған соң, сол жерде қалдырылды. Бірақ түнде жағдайы күрт нашарлап, дәрігер-реаниматолог тексерді. Аман алып қалуға тырысқанымызбен, марқұм түнгі 01.45 дүние салды», - деді БҚО Денсаулық сақтау басқармасы.