Нүр-Сұлтанда өзенге секіріп кеткен бойжеткен құтқарылды
Оны жақын маңда жүрген Ұлттық ұлан жауынгерлері құтқарып қалған
Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің әскери қызметшілері суға секіріп, өзіне қол салғысы келген қызды судан шығарып алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға, бүгін, 25 мамыр күні сағат 13.30 шамасында қала ортасындағы Есіл өзенінің бойында болған.
«Адам тығыз орналасқан аудан болғанына қарамастан ешкім судың бойындағы өзін ерсі ұстаған қызға көңіл бөлмеген. Бойжеткен күтпеген жағдайда суға секіріп кеткен. Қуанышқа орай, жақын маңда жүрген елордалық ұландықтар оқиғаны байқап, тез арада құтқаруға кіріскен», - делінген ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарламасында.
Әскери жасақ бастығы қатардағы Илья Мащенко және патрульшілер қатардағы Артем Григорьев пен Эрик Косян өзен бойында қызметте жүріп, қыздың суға секірген сәтін көріп қалған. Ойланатын уақыт жоқ. Жағдайды бағамдаған әскери жасақ лезде қызға көмектесіп, қатардағы жауынгер Эрик Косян суға секіріп, бойжеткенді алып шығады.
Жағдайды нақтылай келгенде, 1995 жылы туған әйел адамның психологта тіркеуде тұрғаны белгілі болды. Бойжеткеннің өз-өзіне неліктен қол жұмсағысы келгені белгісіз.
Жоғары басшылық тарапынан әскери қызметшілер мадақтамаға ұсынылды.