ШұғылҚазақстанда пандемия басталғалы коронавируспен ауырғандар саны 865 мыңға жуықтады

Алма-Арасан шатқалын жалға алғандар қора салып, мал өсіруге көшкен

Заңгерлер ауқымды текcеріс жүргізілсе, талай былықтың беті ашылатынына сенімді

Жерді жалға алғанымен, өзін қожайындай сезінеді. Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторы жеке кәсіпкерлер табиғатқа қастандық жасап жатыр деп дабыл қақты. Айтуынша, жерді 49 жылға жалға алғандар Алма-Арасан шатқалында қора салып, мал өсіруге көшкен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Бұл сорақылыққа парк басшылығы көз жұма қарайды деген орманшының пікірінше, ерекше қорғалатын аумақтағы жалғыз заңсыздық бұл емес. Ауқымды текcеріс жүргізілсе, талай былықтың беті ашылатынына заңгерлер де сенімді.

Әлеуметтік желі арқылы Президенттен араша сұраған Қайрат Найзабаев Іле Алатауы табиғи паркінің инспекторы қызметіне кіріскелі жылға жуықтаған. Қорықшының үндеу жариялауына дәл үйінің іргесінде тұрғызылған қора себеп болыпты. Тау бөктерінде кірпіштен ғимарат соғып, мал өсіру еш талапқа сай емес дейді ол.

«Таудың астын қопарып тастаған. Топырақты сырып алып тастаған. Бұл өте зиян. Сосын қора соққан. Паркте мұндай қора салуға болмайды. Туризмді дамытамыз деген желеумен барлығы бизнес жасап жатыр. Бұл – басшылардың қателігі. Жерді кім көрінгенге таратып беріп жатыр. Бұлай кете берсе, ерекше қорғалатын аң-құс пен өсімдіктен ештеңе қалмайды», - дейді Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің инспекторы Қайрат Найзабаев.

Инспектордың айтуынша, жауын-шашында ірі қараның тезегі жерге жайылып, тау суына қосылады. Оған қоса жағымсыз иіс ауаға таралып, туристердің тынысын тарылтатын көрінеді. «Табиғатты аялайық» деген орманшының жанайқайын әзірге еститін құлақ болмай тұр. Тіпті Іле Алатауы ұлттық паркінің басшысы бұл мәселені біле тұра ешқандай шара қолданбаған.

Фото: yvision.kz

«Шарасыз күйге түстім» деген Қайрат табиғатты ластап, оңды-солды құрылыс жүргізетін жалға алушылармен күресіп келетінін айтады. Бірақ нәтиже шамалы. Өйткені парк басшысымен ым-жымы бір кәсіпкерлер қорықшылардың ескертуін елемейді.   

«Жалға алушылардың 90 пайызында іргетасы құйылған осындай нысандары бар. Керек десеңіз, монша да бар. Жалға алушылар инспекторларды адам құрлы көрмейді. Біз оларды ескертіп, айыппұл салуға құқығымыз бар. Бірақ олар бізді пысқырмайды. Әрине, басшылардың істеп отырған ісі ғой», - дейді Қайрат Найзабаев.

Іле Алатауы ұлттық паркінде 200 мың гектар жер жалға берілген. Туристер тынығуға барлық жағдай жасалуы тиіс кей кәсіпкерлер қалтасының қамын күйттеп кеткендей. Ең сорақысы, ерекше қорғалатын аумақтағы гектарлаған жер жекенің қолына өтіп кеткенін заңгер Бақытжан Базарбай әшкере қылған. Ол коттедж, сауна сынды түрлі нысанды тұрғызған дөкейлер тұмса табиғатқа қастандық істеп отыр деп қынжылады.

«Заңсыздық өте көп. Егер Іле Алатауы ұлттық паркінде құзырлы органдар тиісті тексерсе, заңбұзушылық ауқымы өте көп. Күн сайын саябақ аумағындағы жерлер заңсыз беріліп отыр. Оны қоғам білмей отыр. Монша, сауна, қонақ үй соғып тастаған. Уәкілетті орган бәрі заңды деп айтады. Сондықтан тәуелсіз тексеру ұйымдастыру керек», - деді заңгер Бақытжан Базарбай.

Фото: yvision.kz

Алайда қорық басшысы ерекше қорғалатын қорық аумағындағы жерлер ешкімге сатылмайды деп сендіруге тырысты. Ал туризмді дамытпай, талапты бұзған жалға алушылармен келісімшарт бұзылады дейді Дамир Малгелдиев.

«Министрлік табиғатқа зиян келмейтін материалдардан құрылыс салуға рұқсат береді. Біз ай сайын мониторинг жүргіземіз. Орманшылардан шағым түссе, оны қараймыз. Өзіміз тікелей шығып қараймыз. Бұл жұмыстар бақылауда. Іле Алатауы паркінде 123 шарт жасалған. 20 шартты бұздық. 25 шартпен соттасып жатырмыз. Ол шарт бойынша жұмыстар атқармаған үшін келісімшарт бұзылады», - деді Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Дамир Малгелдиев.  

Ұлттық парктің директоры қарамағындағы қызметкерінің сөзін теріске шығарды. Оның айтуынша, мемлекет меншігіндегі жерге инвестор қора салып беріпті-міс. Ол жерге қыста инспекторлардың жылқылары тұрады дейді директор. Қазір қорықшының мәлімдемесін арнайы құрылған комиссия тексеріп жатыр.