$ 518.57  566.59  6.05
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.05.2021, 21:26
Оқиғалар

Алматыда 9 өрт сөндіруші өмірден өткен күн

Қайғылы оқиғаға кеше 32 жыл толды

Алматыда 9 өрт сөндіруші өмірден өткен күн
Фото: видеодан кадр

20 мамыр – алматылық өрт сөндірушілер үшін ауыр күн. Сол күнгі алапат жарылыстың кесірінен өрт сөндіру қызметінің 9 адамы жарылыс пен қызыл жалынның құрбаны болды. 1989 жылғы 20 мамырда  Алматы қаласында тарихтағы ірі техногендік сипаттағы апат болды. Өртенген үйлер мен қираған техникалардың сыртында ондаған адам опат болды. «Алматы-2» теміржол вокзалының кіреберіс жолдарында екі маневрлік тепловоз соқтығысып, салдарынан газ толтырылған  6 цистернаның 2-уі жарылған.

«Өрт екінші цистернаны қыздырып жіберген. Қатты қызу салдарынан жойқын газ жарылысы болды. Үш жүз метрге дейін көтерілген өрт вокзал маңын толықтай жауып қалды. Өрт сөндірушілер батырлығы мен  батылдықтарының арқасында, жеке құрамдағы қайтара алмайтын шығындарға қарамастан, газ толтырылған төрт цистернаны қауіпсіз жерге апарып, оқиға болған маңда орналасқан үй-жайларды өрттен қорғап, көптеген азаматтың өмірін сақтап қалды. Өрт сөндірушілердің жанқиярлығы, олардың табандылығы, батылдығы мен кәсіпқойлығы өртті жеңіп шықты.

Алайда, бұл жеңіс оңайлықпен келмеді – тілсіз жаудан 9 әріптесіміз өрттен алған күйік салдарынан қайтыс болды», — дейді Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнара Нұрымбетова.

Өздерінің кәсіби міндетін мүлтіксіз орындау жолында опат болған жігіттер КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен марапатқа ұсынылды. Жойқын өртті сөндіру  кезіндегі  жанқиярлық әрекеттері, батылдық пен ерлігі үшін Ильшат Сафарғалиев, Расул Қасымов, Сейіл Әлімтаев, Ислам Абдранов, Фрид Шәріпов, Құралхан Аққулов, Еркін Ысқақов, Владимир Никуленко және Михаил Маликовке қайтыс болғаннан кейін Қызыл Жұлдыз ордені берілді. Алматы қаласы ТЖД қызметкерлері қайтыс болған әріптестерін еске алып, гүл шоғын қойды.

«Алматы-2 теміржол вокзалындағы  өртті сөндіру кезінде қаза болған өндірушілерді еске алу құрметіне арналған шарада жаңадан жұмысқа қабылданған өрт сөндіруші-құтқарушылар салтанатты түрде ант қабылдау дәстүрі қалыптасқан.

Биылғы жылы санитарлық шараларды сақтай отырып, Алматы гарнизонының  26 жас қызметкері ант қабылдады. Құрбан болғандардың рухына бір минуттық үнсіздік жарияланды",- деді Нұрымбетова.

Іс-шараға  өрт сөндірушілер, өртке қарсы қызмет ардагерлері, сондай-ақ, қаза болған марқұмдардың балалары мен туыстары қатысты.

Серіктес жаңалықтары