Кентауда алаяқ 4,5 астам миллион теңгеге тұрғындарды алдап кеткен
Ол тұрғындарға пәтер сатып алуға көмектесетінін айтып, уәде берген

Кентау қалалық полиция бөлімінің криминалдық полиция қызметкерлері, бірнеше алаяқтық жайттарын жасады деген күдікпен жас жігітті ұстады. Нақтырақ айтар болсақ, полиция бөліміне жергілікті екі тұрғын арызданып, алаяқ олардан ірі көлемде ақша алып, жоқ болып кеткенін жеткізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәселен, күдікті жас жігіт жәбірленушілердің біріне 2,5 миллион теңгеге пәтер сатып алуға көмектесуге уәде берсе, екіншісіне 140 мың теңгеге әлеуметтік көмек алу мәселесін шешіп беретінін айтқан. Содан алаяққа әбден сенген азаматтар ақшаларын бергеннен кейін, оны таппай қалған.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы "Алаяқтық" бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке-басы анықталып, ол қалалық полиция бөліміне жеткізілді.
«Күдікті 3 жайт алаяқтық қылмысына қатысы бар Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 4,5 миллион теңгеден асады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы қолхатта. Тергеу аталмыш оқиғаның мән-жайы мен ер адамның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда», - делінген ПД хабарламасында.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуға және күмәнді қызметтер ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеуге кеңес береді. Сондай-ақ алаяқтан зардап шексеңіз, бірден полицияның 102 телефонына хабарласыңыз деп ескертеді