Елордада тағы 7 мекеме карантинді бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Мониторингтік топтар түн ортасынан кейін келушілерді қабылдаған ойын-сауық мекемелерін анықтады
Елордадағы мониторингтік топтар кәсіпкерлік нысандар арасында карантин режимін бұзушыларды анықтауды жалғастыруда. Кеше шектеу шараларын сақтамағаны үшін 7 мекеме әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Мәселен, 18 мамырда тексеру барысында Есіл ауданының мониторингтік тобы "Priton" лаундж-барының жұмыс режимін бұзғанын, ал "Greenway" экотауар дүкенінің қызметкерлері маска режимін сақтамағанын анықтады.
Карантиндік шектеулерді бұзғаны үшін Байқоңыр ауданындағы "Bleak house" ойын клубы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар Сарыарқа ауданында орналасқан «Стамбул» кафесі түн ортасынан кейін келушілерді қабылдағанын мониторингтік топ мүшелері анықтады.
Алматы ауданында бір күнде үш карантин бұзушы анықталды: "Что будет дальше" бары, "Избушка" саунасы, "Alanya" клубы.
Жиналған материалдар тиісті шаралар қабылдау үшін санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтан екі айдан астам уақыт бойы эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша "қызыл" аймақта тұр. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз болып отыр. Сол себепті, елорда тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандары коронавирустың таралуын болдырмас үшін санитарлық дәрігердің қаулысында жазылған нормалар мен талаптарды, шектеу шараларын қатаң сақтауы керек.