ШҚО-да жүк көлігі аударылып, екі адам өртеніп кетті
Қайғылы оқиға 15 мамыр күні Өскемен – Алтай тасжолының 25-шақырымында болған
Шығыс Қазақстан облысында жол-көлік апатынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қайғылы оқиға 15 мамыр күні Өскемен – Алтай тасжолының 25-ші шақырымында болған.
«Вольво» маркалы жүк көлігінің аударылуы салдарынан көлік құралының шанағы жанған. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер жалпы аумағы 9 шаршы метрге жайылған өртті сөндірді. Өртті сөндіру кезінде көліктің ішінен 2 мәйіт табылды», - делінген ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Қазіргі уақытта қаза болған азаматтардың жеке басы анықталып жатыр. Аталған дерекке қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Өртті сөндіруге жеке құрамнан 15 адам мен 5 техника жұмылдырылды.