Көкшетауда жоғалып кеткен мұғалім қаңғыбастар арасынан табылды
Бүгінгі таңда облыс аумағында 30 адамға іздеу жарияланған

Солтүстік Қазақстан облысында 10 мамыр күні жоғалып кеткен тұрғын, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Көкшетаудағы қараусыз қалған орындардың бірінен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Aqmola News» агенттігіне сілтеме жасап.
Облыстық Полиция департаментінің баспасөз хабарламасында айтылғандай, ер адам белгілі тұрағы жоқ адамдармен бірге өмір сұріп жүрген.
Айта кетсек, бұған дейін 53 жастағы тұрғын 32 жастағы мұғалім баласының жоғалып кеткені туралы шағымданған.
«40 қызметкерден тұратын арнайы іздестіру тобы құрылды, сондай-ақ еріктілер жұмылдырылды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция жоғалған адамның орналасқан жерін анықтай алды. Ол Көкшетау қаласындағы қараусыз қалған жерлердің бірінде болып, тұрғылықты жері жоқ адамдар арасында түнеп жүрген. Ер адам мұндай әрекетке неге барғанын түсіндірмеді», – делінген ведомствоның баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ер адамға қатысты қандай да бір қылмыс пен құқықбұзушылық жасалмағаны анықталды.
Айта кету керек, жалпы облыс аумағында 30 адам іздестірілуде. Полицейлердің айтуынша, жоғалудың көп бөлігі отбасылық жанжалдарға байланысты болып жатады.
«Негізінен, адамдар үлкен отбасылық жанжалдардан кейін жоғалады. Жақын адамдарымен ұрсысып, адам арнайы кетіп, ұялы телефонды өшіріп, байланысқа шықпай қояды. Алкогольді ішімдік ішіп кететіндер де жиі кездеседі. Ондай адамдарды біз осындай жерлерден табамыз», – деп атап өтті Ақмола облысы ПД КПБ жедел уәкілі Абзал Қайкенов.