БҚО-да киіктердің жаппай қырылуына қатысты ресми орган түсініктеме берді
13 мамыр күні Жәнібек ауданының аумағынан 372 киіктің өлігі табылды
2021 жылдың 13 мамырында Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының Тау ауылы маныңда 372 киіктің өлігі (басым бөлігі аналық киіктер) анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға орнына қажетті іс-шараларды жүргізу үшін шұғыл түрде Экология департаментінің, ҚР АШМ ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті инспекциясының, Ветеринария басқармасының, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің және Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тартылып жатыр.
«Киіктердің жаппай қырылу фактісі бойынша уәкілетті мемлекеттік органдармен жедел штабы құрылды. Болжам бойынша киіктердің қырылу себептерінің бірі сол мекенде қолайсыз ауа райына (нөсерлі жауын мен найзағай) байланысты болуы мүмкін. Себебі, ұшаларда найзағай разрядымен зақымдану іздері байқалады», - делінген ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хабарламасында.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда киіктер үй жануарларының жайылымына ортақтасып жүр ме?
Құзырлы мемлекеттік органдардың зерттеу жұмыстары аяқталған соң қорытынды нәтижелері қосымша хабарланатын болады.