ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 967 адамнан COVID-19 вирусы анықталды

Bek Air ісі: Талғарда экс-шенеуніктерге қатысты сот үкімі оқылды

Үш адам бас бостандығынан айырылып, үш адамның бас бостандығы шектелді

фото: сот үкімін оқыған судья - Ілияс Мұхадиұлы

Алматы облысының Талғар аудандық сотында әуежай маңынан заңсыз жер берген экс-шенеуніктерге қатысты сот үкімі шықты. Осыдан бір апта бұрын соттағы соңғы сөзін сөйлеген экс-шенеуніктер бас бостандығынан айырмауды сұраған еді. Сот тергеуі барысында тек риэлтор Нұрайым Алданыш қана өз кінәсін мойындамаған. Ол өзінің кінәсі құжатпен дәлелденбегенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бүгін Талғар аудандық сотының судьясы Ілияс Мұхадиұлы бұрынғы 5 шенеунік пен делдалдық қызмет көрсеткен күдіктілерге қатысты үкімді оқыды. Сот үкімімен:

  • Рустам Тұрысбеков - 4 жылға бас бостандығынан айыру;
  • Жарас Машимбаев - 4 жыл бас бостандығын шектеу;
  • Қайрат Алтынбекұлы - 3 жылға бас бостандығынан айыру;
  • Медеу Қалыбеков - 3 жыл бас бостандығын шектеу;
  • Берік Абдуллаев - 3 жыл бас бостандығын шектеу;
  • Нұрайым Алданыш - 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру.

Айта кетейік, бұған дейінгі процесте прокурор экс-шенеуніктерді, яғни, барлық сотталушыларды 4 жылдан 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын. Қазір осы іс бойынша алты адам сотталып жатыр. Оның бесеуі - экс-шенеунік. Олар - Рустам Тұрысбеков, Жарас Машимбаев, Берік Абдуллаев, Медеу Қалыбеков, Қайрат Алтынбекұлы және риэлтор қамауда отыр. Ал экс-шенеуніктер үйқамақта болған.

Оқи отырыңыз: Bek Air апатына бір жыл: зардап шеккендерден ешкім кешірім сұрамаған, өтемақы төленбеген

Прокурордың сөзінше, заңсыз үй салу бойынша сотталушылардың кінәсі құжатпен дәлелденген және куәгерлердің де дәлелі бар.

Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы барлық үйқамақта отырған бұрынғы шенеуніктерді сот залында қамауға алуды сұрады.

Еске сала кетейік, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Bek Air әуе компаниясына қарасты Fokker 100 авиалайнері апатқа ұшырады. Әуе компаниясының Z92100/BEK2100 ішкі рейсі Алматы қаласы халықаралық әуежайынан Нұр-Сұлтан әуежайына ұшып шыққан соң бір минуттан кейін апатқа ұшырады. Гүлдала елдімекеніндегі үйлердің біріне соғылып, ұшақ бортындағы 98 адамның (93 жолаушы, 5 экипаж мүшесі) 13-і қайтыс болды.