Біреуі нәресте: Павлодарда өрт шыққан пәтерден 4 адамның денесі табылды

Қайғылы оқиға 9 мамыр күні болған

 

Біреуі нәресте: Павлодарда өрт шыққан пәтерден 4 адамның денесі табылды

Павлодар қаласында көпқабатты тұрғын үйден шыққан өрттен 4 адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қайғылы оқиға 9 мамыр күні болған. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, кешкі сағат 21:02-де қаладағы Камзин көшесі, 364 үйден өрт шыққаны туралы хабар түскен. Анықталғандай, 10 қабатты үйдің үшінші қабатындағы пәтерлердің бірінен өрт шығып, жалын 56 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт 21.30 шамасында сөндірілді.

«Өрт болған аумақты тексеру барысында 4 адамның денесі табылды. Пәтерден әйел адамның жанып кеткен денесі, есік алдында газ иісінен уланып жатқан тағы бір ер адам мен нәрестесі бар әйел адам табылды. Оқиға орнында 28 адам, 8 техника мен өрт сынағы зертханасының қызметкерлері жұмыс істеп жатыр», - делінген ТЖД хабарламасында.

Қазіргі уақытта адам өлімінің мән-жайы мен қаза болғандардың кім екені анықталып жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.