Павлодарда көшедегі жұртты шылым сұрап мазалағандар жазаланды
Жыл басынан бері өңірде қоғамдық орындарда тиісудің 670-тен астам фактісі тіркелген

Павлодарда көшеде өтіп бара жатқан адамдардың мазасын алған ер адамдар айыппұл төлеуі немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 мамыр күні полицияның кезекші бөліміне қала тұрғыны қоңырау шалып, көшенің ортасында үш бейтаныс адам жақындап, темекі сұрағанын айтқан. Олар бұл өтінішпен басқа адамдарға да жүгінген және ескертулерге қарамастан, жұрттың мазасын алуды қоймаған соң әйел адам полиция шақырған.
«Аталған мекенжайға патрульдік қызметкерлер келіп, ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы бойынша павлодарлықтарға қатысты әкімшілік хаттама толтырды, сондай-ақ олармен қоғамда мұндай мінез-құлыққа жол берілмейтіні туралы профилактикалық әңгіме өткізді», - деді ПД жергілікті полиция қызметінің басшысы Ғалым Сарғұлов.
Айта кетерлік, жыл басынан бері өңірде қоғамдық орындарда тиісудің 670-тен астам фактісі тіркелген.