Каспий теңізінде шекарашылар 21 итбалықты тордан шығарып алды
Құқық бұзушыларға 3,5 млн теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды
Маңғыстау облысында шекаршылар браконьерлерге қарсы рейд өткізіп жатыр. Шара барысында шекаралық аумақты бұзған алпысқа жуық адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау және Атырау облыстары бойынша департаменттері Каспий теңізі акваториясында браконьерліктің жолын кесу және су биологиялық ресурстарын қорғау бойынша бірлескен жедел-профилактикалық іс-шараларын өткізіп жатыр. Теңіздегі тәртіпті бұзғандар аталған іс-шара барысында қолға түскен.
«Шекарашылар мемлекеттік шекара режимін бұзған 56 адамды, аумақтық және ішкі су режимін бұзған 85 адамды, су ығыстыруы әртүрлі жүзу құралдарының 43 бірлігін, 220 мың метрден астам (220 шақырым!) желілер ұстады. Браконьерлік торлардан 420-дан астам бекіре тұқымдас балық, 11 040-тан астам ұсақ балық және 21 итбалық шығарылды»,- деп хабарлады ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.
Шара барысында сарбаздар мемлекетке келген 820 миллион теңгеден астам сомаға экономикалық залалдың анықтап, алдын алған. Құқық бұзушыларға 3,5 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл салынды. Теңіз толқынымен арпалысқан шекарашылар браконьерлер күресті жалғастырып жатыр.