Қырғызстанда 1-2 мамырда аза тұту күндері жарияланды

Соңғы мәліметтер бойынша Тәжікстанмен шекарадағы қарулы қақтығыс салдарынан 31 адам қаза тапқан

 

Қырғызстанда 1-2 мамырда аза тұту күндері жарияланды
Фото: sputniknews.ru

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 1-2 мамырда қырғыз-тәжік шекарасындағы атыс кезінде қаза тапқандарды жоқтау ретінде ретінде ұлттық аза тұту күндерін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«29-30 сәуір күндері Баткен облысындағы қырғыз-тәжік шекарасында болған қарулы қақтығыс салдарынан көп адам қаза тауып, зардап шеккен. Олардың ішінде бейбіт тұрғындар да, әскери қызметкерлер де бар. Қарулы қақтығыс салдарынан бейбіт тұрғындардың және заңды тұлғалардың дүние-мүлкіне қатты зақым келген», - делінген Қырғыз Республикасы президентінің ресми сайтында жарияланған жарлықта.

Ұлттық аза тұту күндері бүкіл ел аумағында, сонымен қатар, шетелдердегі дипломатиялық және консулдық мекемелерде мемлекеттік ту түсіріледі.

Мәдени мекемелер мен телерадиокомпанияларға ұлттық аза тұту күндері көңіл көтеретін  бағдарламаларды таратпау ұсынылды.

Қырғыз Республикасының үкіметіне жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп қаза болғандардың отбасылары мен зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша тиісті шаралар қолдану тапсырылды.

Еске салсақ, екі елдің шекарасындағы қақтығыс 28 сәуірде басталған еді. Тәжікстан шекарашылары қырғыздар су алатын «Головной» (Кок-Таш айылы, Баткен облысы) пунктіне бейнебақылау камерасын орнатқаннан кейін, тұрғындар оны алып тастауын талап еткен. Талап орындалмағаннан кейін екі жақ алдымен таспен, кейін қарумен атыса бастаған.

Қырғызстандық Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметіне сүйенсек, қарулы қақтығыс салдарынан 31 адам қаза тауып, 154 адам зардап шеккен.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.