Алматылық судьяның кабинетінен 10 мың доллар тәркіленді - қалалық сот
Бұған дейін желіде судьядан 4,5 миллион доллардан астам қаржы тәркіленгені жайлы ақпарат тарады
Әлеуметтік желіде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолмановадан 4,5 миллион доллардан астам қаржы тәркіленгені жайлы ақпарат тарады. Желіде тараған ақпарат бойынша, тінту кезінде судьяның кабинетінен 4 500 доллар, үйін тінту барысында 2 800 000 доллар, жеке көлігінен 600 000 доллар табылған және застройщиктен - 1 180 000 доллар пара алған.
Алайда, Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Қалалық соттың мәлімдеуінше, судьяның қызметтік кабинетінен 10 000 доллар табылған, ал үйінен ештеңе табылмаған.
ҚР Жоғарғы сот төрағасының бұйрығымен судьяның өкілеттігі тоқтатылды. Алматы қалалық соты жалған ақпарат таратқан адамдарды жауапқа тарту туралы Алматы қаласының прокуратурасына шағымданды.
Еске сала кетейік, Алматы қалалық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімі мен ҰҚК департаменті Медеу аудандық сотының судьясына қатысты тексеру жұмыстарын жүргізді.