ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2443 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Алматыда ұсталған судьядан 4,5 млн доллар қаражат тәркіленгені айтылды

Медеу ауданының судьясы ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген

Алматыда алаяқтық жасады деген күдікке ілінген судья Светлана Жолмановадан 4,5 миллион доллардан астам қаржы тәркіленген. Судьяның ақшаны қайда жасырғанын ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек жариялады. Танымал заңгер аталған жағдайға қатысты Azattyq Rýhy тілшісіне пікір білдірді.

«Медеу аудандық сотының судьясы Светлана Жолманованы тінту кезінде төмендегідей ақша табылған: кабинетінен 4 500 доллар, үйін тінту барысында 2 800 000 доллар, жеке көлігінен 600 000 доллар, застройщиктен - 1 180 000 доллар пара алған! Бір жәй ғана судьяның өзі осындай пара мен ұсталып отырса, төрағалар ақшаны жұтып жатқан шығар? Осыдан кейін судьялар әділ шешім шығарады деп Жақып Асанов айтпай ақ қойса болады!», - деді Айгүл Орынбек. 

28 сәуірде Алматы қалалық сотының ішкі қауіпсіздік бөлімі мен ҰҚК департаменті Медеу аудандық сотының судьясына қатысты тексеру жұмыстарын жүргізетінін хабарлады. Ұсталған судьяға қатысты ҰҚК департаменті Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлімі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын бастады.

Заңгер, ҰҚСК мүшесі Айгүл Орынбек елдегі сот жүйесіне ауқымды реформа қажет деп санайды.

«Судьялар туралы бұған дейінде талай рет мәселе көтеріп келдім. Мысалы, Қызылорда облысының Шиелі аудандық сотының төрағасы туралы да көп айтылды. Біздегі судьялар пара алу арқылы өздеріне ыңғайлы шешім шығарып отыр. Адам тағдырын шешетін біздің билеріміз, судьялар осылай жұмысына немқұрайлы қараған соң, елде әділдік болмайды. Бұл жағдай нені білдіреді? Судьялар тікелей Президенттің бұйрығымен тағайындалады. Бірақ, Жоғарғы сот төрағасы судьяларды аталған орынға лайықты деп Президентке өзі ұсынады. Бұл дегеніміз Президенттің сеніміне кір келтіру. Жалпы, біздің сот жүйесіне үлкен өзгеріс керек. Кешегі оқиға парамен ұсталған алғашқы жағдай емес. Жуырда түркістандық судья Нұр-Сұлтанға ауысамын деп Жоғары соттың өкіліне 10 мың доллар пара берем деп ұсталды. Алматыда да осындай оқиғалар болды. Яғни, бұның бәрі сот жүйесінің жемқорлыққа әбден батып кеткенін білдіреді», - деді заңгер.

фотода: Айгүл Орынбек, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі

Оның айтуынша, сотқа реформа жасап қана қоймай, Жоғары сот төрағасын да орынан босататын кез келді. Заңгер, елде жазықсыз сотталған адамдар мен әділетсіз үкімнен зардап шеккен азаматтар саны көп деп санайды.

«Қоғамда судьяларға сенім қалмаған. Ауыл-аймақта сот шешіміне қарсы шағым өте көп. Судьялар оң шешім шығару үшін адамдардан хатшы, таныс, адвокаттар арқылы ақша бопсалайды. Бәрі ақшаға сатылған елде заң үстемдік құрады деп айтудың қажеті жоқ. Судьяның парақорлықпен ұсталуы деген сөз, оның осы күнге дейін шығарған көптеген шешімдерін қайта қарау керек дегенді білдіреді. Пара, ақша алудың арқасында қаншама мың адам жазықсыз қамалды. Жазықсыз қамалған адамдарды ақтап, әділдікке бет бұратын уақыт әлдеқашан келді. Белден басып, үкім шығаратын жәйттерді тоқтату керек», - деді ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Айгүл Орынбек.

ҚР ҰҚК Алматы қалалық департаментінің ақпаратынша, ұсталған судья мүдделі тұлғаларға олардың пайдасына шешімдер қабылдауға көмектесуге байланысты алаяқтық іс-әрекеттерді жасады деп күдікке ілінген. Ал Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі ірі көлемде ақшамен ұсталған судья Светлана Жоламановаға қатысы кейінірек мәлімет таратпақ.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы