Шекарадағы қақтығыс: Қырғызстан мен Тәжікстан атысты тоқтату туралы келісімге келді

Қақтығыс салдарынан екі тараптан да адам шығыны болған

Шекарадағы қақтығыс: Қырғызстан мен Тәжікстан атысты тоқтату туралы келісімге келді

Қырғызстан мен Тәжікстанның Сыртқы істер министрлері Руслан Қазақбаев пен Сироджиддин Мухриддин қақтығыс ошағында атысты тоқтату және аймақтағы әскери күштерді кері қайтару туралы келісімге келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24.kg агенттігіне сілтеме жасап.

Келіссөз барысында екі елдің шекарасында болған жағдайды бейбіт түрде реттеуге қатысты бірлескен қимылдар жайы талқыланды.

Қырғызстан министрі Руслан Қазақбаев қақтығыс салдарынан екі тараптан да адам өліміне әкеп соққан шиеленісті жағдайды саяси дипломатиялық құралдар арқылы бейбіт түрде реттеудің маңызы зор деді.   

Ол сондай-ақ қырғыз тарапының өзге елдің жерін басып алу ниеті жоқ екенін және өз елінің жерін ешкімге бермейтінін айтты. Сол себепті шекарадағы барлық шаруашылық мәселелер қырғыз-тәжік шекарасын делимитациялау мен демаркациялау жөніндегі үкімет делегациялары аясындағы жоғары өкілдердің қатысуымен келіссөздер барысында шешілуі тиіс екеніне тоқталды.

Шенеунік екі мемлекет арасындағы, әсіресе шекараға жақын жердегі сенімді нығайтып, шекара маңындағы аудандарда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша іс-шараларды қолға алу қажет екенін, тұрғылықты халықтар арасындағы жағдайды ушықтыруға деген кез келген әрекеттің жолын кесу керек екенін атап өтті.

«Қырғызстан және Тәжікстан сыртқы істер министрлерінің келіссөзі барысында сағат 20:00-ден бастап атысты толық тоқтату және әскерді қақтығыс аймағынан алып кету туралы келісім жасалды»,- делінген ақпаратта.

Министрлер сондай-ақ екі тараптың жергілікті атқарушы органдары өкілдерінің қатысуымен құқық қорғау және күштік құрылымдары басшыларының кездесуін ұйымдастыру туралы келісімге келді. 

Сонымен қатар, екі елдің Үкімет басшылары да Еуразиялық үкіметаралық кеңесі аясында Қазан қаласында кездеседі деп жоспарланып отыр. Кездесудің басты тақырыбы шекарадағы қақтығыс жайлы болмақ. Қырғызстан премьер-министрі Улукбек Марипов аталмыш саммитке  ЕАЭО құрамындағы елдің өкілі ретінде қатысып жатса, Тәжікстан премьер-министрі Кохир Расулзодо саммиттің қонағы ретінде шақырылған.  

Айта кетерлігі, 29 сәуір күнгі кешкі сағат 20.00-дегі жағдай бойынша екі ел арасындағы қақтығыс салдарынан қырғызстандық тараптан барлығы 32 адам зардап шеккен. Олардың бірі көз жұмды, тағы біреуі аса ауыр жағдайда жатыр. Бір адам амбулаторлық ем қабылдап жатса, қалғаны ауруханаға жатқызылған. Бұл туралы Қырғызстан денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Ализа Солтонбекова мәлімдеді.

Еске салсақ, екі ел тұрғындарының арасындағы қақтығыс 28 сәуірде басталған. Тәжікстан тарапы шекарадағы электр бағанына бейнебақылау камерасын орнатқан. Бұған наразылық білдірген қырғыздар алдымен ауызша ескерту жасаған. Тараптар мәмілеге келе алмай, бір-бірін алдымен таспен атса, артынша суық қару қолданған.

 

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.