ШұғылҮкімет тамызда карантиндік шектеу шараларын күшейтеді

Таразда ер адам колонияға 85 ұялы телефон өткізбек болды

Тыйым салынған заттарды беру фактісі тіркеліп, тергеу шаралары жүргізілуде

Таразда колония қызметкерлері 85 ұялы телефон өткізбек болған адамды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

ҚАЖ мекемелерінің аумағында бірнеше рет ескертулерге және тыйым салынған заттарды алып қою мысалдарына қарамастан, “курьерлер” кейде кезекті тыйым салынған затты алып өткізуге тырысқанда түрлі айла-әрекеттерге барады. Осындай жағдай Тараз қаласы түзеу мекемесінің аумағында орын алды, автокөлік жүргізушісі ірі көлемдегі рұқсат етілмеген ұялы байланыс құралдарын өткізбек болды. 

Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің төтенше қауіпсіз ЖД-158/7 мекемесінің қызметкерлері жедел ақпарат бойынша 85 ұялы телефон, 11 сим-карта, 18 жұп құлаққап, 21 қуаттау құрылғысы мен екі USB-адаптерді өткізуге тырысқан адамның әрекетінің жолын кесті. 

"Тәркіленген заттар фольгаға жасырылып, ағаш тақтайларға мөрленгені анықталды. Оны 25 жастағы азамат мекеме аумағында жұмыс істейтін ағаш өңдеу кәсіпорнына құрылыс материалдарын кіргізу сылтауымен өткізуді жоспарлады. Бүгінде мұнда 17 сотталған жұмысқа орналастырылған", – дейді Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Бекболат Ескеев. 

Тыйым салынған заттарды беру фактісі тіркеліп, тергеу шаралары жүргізілуде. 

"Ағымдағы жылдың өзінде мекеме қызметкерлері 300-ге жуық ұялы телефон, бір килограмнан астам есірткі заттарын, үш литр спирттік ішімдіктерді және 19 бірлік тескіш-кескіш заттарды тәркіледі", – деп қорытындылады ҚАЖД бастығының орынбасары. 

Тыйым салынған заттарды пенитенциарлық мекемелердің аумағына кіргізгені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.