Павлодар облысында ер адам екі жылдан бері оқушы қызға қорлық көрсетіп жүрген
29 жастағы тұрғын қызды алтыншы сыныпта оқып жүргенде қорлай бастаған
Ер адамның бұл қылығынан мезі болған қыздың анасы «Не молчи KZ» қоғамдық қорына жүгініп, көмек сұраған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Әйел еріктілерге бала кезінен мүмкіндігі шектеулі 15 жастағы қызын екі жыл бойы 29 жастағы ауылдасы интимдік қатынасқа түсуге тартып жүргенін айтқан. Бұл туралы Instagram желісіндегі @nemolchi.kz аккаунтында жазба пайда болды.
«23 наурызда полицияға арыз жаздық. Біздің ауылдың тұрғыны менің қызымды екі жыл бойы мазалап жүргені белгілі болды. Егер қызым оның ұсынысына көнбесе, небір сорақылық көрсететінін айтқан», - деп «Не молчи KZ» қоғамдық қоры қапа болған ананың сөздерін келтіреді.
Оның сөзіне қарағанда, ер адам қызды алтыншы сыныпта оқып жүргенде қорлай бастаған. Жігіт әлеуметтік желіден мектеп оқушысын тауып алып, оны топтық зорлаумен қорқытып, жыныстық қатынас ұсынған хат жаза бастаған.
Мектеп оқушысы ер адамды әлеуметтік желілерде бұғаттап тастаса да, ол басқа аккаунттардан хат жазуын қоймаған. Қыз бала оған ақша ұсынғаннан кейін біраз уақытқа жоғалып кеткен. Алайда көп ұзамай үйдің жанында күзетіп тұратын болған.
«Мен бұл туралы білгенде полиция бізге көмектеседі деген үмітпен арыз жаздық», - деп «Не молчи KZ» қоғамдық қоры ананың сөздерін келтіреді. - Бұл адамның менің қызыма қоқан-лоққы көрсеткені, оның өміріне қастандық жасау туралы жазған хабарламаларының барлық скриншоты қолымызда. Полиция бұл ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабы екенін және оған 200 АЕК-ке дейінгі айыппұл салынып, екі айға қамауға алу немесе түзеу жұмыстарына тарту түрінде жазаланатынын айтты».
Павлодар облысының Полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 123-бабы – «Жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Күдікті анықталды. Қажетті сараптамалар тағайындалды, тергеу шаралары жүргізілуде. Бұл істің тергеуі бақылауда», - делінген ведомство хабарламасында.