Түркістан облысында 8 ақбөкенді заңсыз атып алған браконьерлер ұсталды
Олардан тіркелмеген аңшы мылтығы мен 14 дана ақбөкен мүйізі тәркіленді

Түркістан облысының полицейлері «Қызыл кітапқа» енген 8 ақбөкенді заңсыз атып алған браконьерлерді ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түркістан облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау инспекторлары және «Охотзоопром» қызметкерлерімен бірлесе отырып шұғыл іс-шараларды ұйымдастырып, жоспарланған рейдтерге шығып тұрады. Яғни «Уылдырық» іс-шарасы кезінде олар «Қызыл кітапқа» енген ақбөкендерді заңсыз атып алған браконьерлерді ұстады.
Болған жайт бойынша толығырақ Түркістан облысы ПД ЖПҚ-ның бастығы полиция полковнигі Ұлықбек Мылтықов мәлімдеді: Бірлескен рейдтік шара кезінде полицейлер күдікті болған мотоцикл жүргізушісі мен жолаушысын байқайды.
Сезіктілердің соңдарынан қуып, тоқтатады. Тексеру жүргізу кезінде екі ер азаматтың заңсыз аң атып алғандығын анықтайды. Яғни олардан «Қызыл кітапқа» енген 8 дана ақбөкен жануарының денесі алынды. Сондай-ақ 1 дана тіркелмеген аңшы мылтығы мен 14 дана ақбөкеннің мүйізі тәркіленді.
Ұсталған екі азаматтың Созақ ауданының жергілікті тұрғындары екені анықталды. Олар Созақ аудандық полиция бөліміне жеткізіліп, қамауға алынды.
Қазіргі уақытта күдіктілерге қатысты ҚР ҚК-нің 339-бабының 2 бөлігі «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» және ҚР ҚК-нің 337-бабының 4 бөлігі «Заңсыз аңшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.