Қызметтік жолы бірқалыпты өсіп келе жатқан шенеунік пара алу үстінде ұсталыпты
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты мекемеде лауазымды қызмет атқарып жүріп, мемлекет артқан сенімді ақтамағандықтан жаза арқалаған, бүгінде өмірі темір тордың ар жағында жазасын өтеп жатқан экс-шенеунік өз мұңымен бөлісті, деп деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Отырар» телеарнасына сілтеме жасап.
Айта кетерлігі, Шымкенттегі 167/3 түзеу колониясындағылар көбі жемқорлық пен алаяқтыққа барғандар.
«Бұл істе тек мен ғана емес, жоғары дәрежелі адамдар да қатысты болды, бәрі түрмеге қамалды. Бұл топтасудың бір түрі болды», - дейді экс-шенеунік
Сотталушы – Ресейден елге оралған қандас. Шетелде жоғары оқуын бітіріп, Қазақстанда қызмет істеген. Карьерасы бірқалыпты өсіп келе жатқан шенеунік көп ұзамай тұтылыпты. Ол тендерге қатысып, онда жеңіп шығу үшін кәсіпкерлерге бөлісіп отыруды ұсынған. Алайда, пара алу үстінде ұсталыпты.
«Мен Денсаулық сақтау министрлігінде қызмет атқардым, қайсы екенін айтпай-ақ қояйын. Онда фармацевтикалық компаниялармен жұмыс істедім, дәрі-дәрмек сатып алу бойынша тендер өткізілді. Онда өзімнің мүдделеріме қызығушылық танытып, пайда көздедім. Содан кейін тергеу басталды және жауапқа тартты. Бәрін жасырып қаламын деп ойлаған едім. Бірақ ҚР ҚК-нің 366-бабы бойынша жауапқа тартты», - дейді сотталушы.
Экс-шенеунік сол кезде «алтын көрсе, періште жолдан таядының» кейпін кештім дейді. Сотталушы қылмысқа барған себебін оңай олжаға батқысы келгенімен түсіндірді. Жалпы шығын көлемі жүздеген миллионнан асқан. Оған жаза ретінде сот өмірінің 6 жылын қауіпсіздігі орташа колонияда өткізуге үкім шығарыпты.
«Айтатын болсам, істеген ісім жоғалтқанымның жанында түкке де тұрмайды. Мен өкініп қана қоймай, үлкен қателік жібергенімді түсіндім. Бүкіл өмірім бостандықпен бірге артта қалғандай. Ең бастысы, уақытымды жоғалттым», - деп өкініш білдірді ол.
Жазасын өтеуші жасаған қылмысына өкініп, түзу жолға түскенін айтады. Бар арманы – мерзімінен бұрын босап шығу.