ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2443 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

18 жыл хабар-ошарсыз кеткен қызы әкесін сотқа сүйреп жүр – Шиелі тұрғыны сот шешіміне наразы

Сотқа шағымданушы әкесінен 2 миллион теңге сұрап отыр

Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғыны Рано Ядгарова Azattyq Rýhy редакциясына хабарласып, Шиелі аудандық сотының шешіміне наразылығын айтты. Ранонының айтуынша, күйеуінің бірінші некесінен туған қызы 18 жылдан кейін келіп, өзінің атына жазылған үйді босатуын сұраған.

«Мен қазіргі күйеуім Гариб Исаевпен некелескен кезде, оның бірінші некесінен туған қызы болды. Күйеуімнің ажырасып кеткен бірінші некедегі әйелі Алматыда, ал қызы бізбен бірге тұратын. 1998 жылы өгей қызым Әсия 18 жаста болғанда, әкесі Шиелі ауданындағы көпқабатты пәтерлердің бірінен үй сатып алып, пәтерді тұңғышының атына жазады. 2000 жылы Әсия үйдегі барлық бағалы заттарды ұрлап, Алматыдағы анасына қашып кетеді. Кетер алдына әкесіне: «Мені іздемеңіз, қажет болғанда өзім тауып келемін» деп хат қалдырып кетті. Полиция қызметкерлері арқылы біз қыздың анасында екенін білдік. Ұрланған заттарға байланысты әкесі қызының үстінен арыз түсірмеді, біз де үндемедік. Содан кейін ол қыздың тұрмысқа шығып, балалы-шағалы болғанын естідік. 18 жыл бойы әкесі барын, үйі барын есіне алмаған Әсия 2018 жылы бізге келіп, үйді босатуымызды сұрап, сотқа берді. Содан бері 3 жыл өтті, сот бізге әділ шешім шығармай үйімізден қуып отыр», - деді Рано Ядгарова.

Айта кететіні, Рано Ядгарова екі баласы және күйеуімен аталған пәтерде 23 жыл бойы тұрып келе жатыр. Ал, 18 жыл бойы ат ізін салмаған қызы пәтер иелерінен 2 милилон теңге талап еткен.

«Біздің бұл үйде тұрғанымызға 23 жыл болды. Аталған уақыт аралығында коммуналдық шығынды, салықты өзіміз төлеп, үйдің ішіне арналған жөндеу жұмыстарын толықтай өз қалтамыздан жүргізіп келдік. 18 жылдан кейін ізім-ғайым жоқ болып кеткен Әсия келіп, туған әкесін сотқа сүйреп жүр. «Екі миллион теңге берсеңдер, сжайларыңа қалдырамын» дейді. Бізде ондай ақша жоқ. Күйеуім зейнеткер, өзім дүкенде сатушымын. Тұңғышым 22 жастағы студент, екінші балам Алматыда студент», - деді телефон арқылы Рано Ядгарова.

Кейуананың айтуынша, Жоғарғы сот Шиелі аудандық сотының әділетсіз шешім шығарғанын растап, облыстан істі қайта қарауды талап еткен. Бірақ аудандық сот қаулыға құлақ аспай отыр.   

«2019 жылы болған бірінші сот отырысында судья Гүлнұр Құрманбай істі біздің пайдамызға шешкен болатын. Кейіннен А.Исаева шағым түсіріп, істі судья Айдос Жолдыбаев мырза қарады. Екінші сот істі 18 жылдан кейін үйі бар екені есіне түскен Әсияның пайдасына шешуде. Аталған мәселеге қатысты Жоғарғы сотқа кассация жібердік. Қызылорда облысына істі қайта қарау туралы шешім келді. Бірақ Шиелі аудандық соты кассацияға қарамай, әділетсіз шешім шығарып отыр. Білуімізше, үйдің иесі 7 жыл ішінде келмесе, сол үйдің тұрғындарына автоматты түрде өтеді деп естігенбіз. Ол қызға үйді әкесі сатып алған кезде небәрі 18 жаста болған. Яғни, оның сол жаста үйді алуға ешқандай қаржысы болмаған. Судья не себепті осының бәрін назарға алмайды. Біздің жағдайымызды ешкім ойлап отырған жоқ. Соттың әділ шешім шығаруын өтініп сұраймын!», - деді Рано Ядгарова.

Аталған мәселеге байланысты Azattyq Rýhy тілшісі Қызылорда облысы Шиелі аудандық сотына ресми түрде сұрау салды.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан