$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
22.04.2021, 09:54
Оқиғалар

Шымкентте кәсіпкерлердің наразылығынан кейін санитарлық қаулы өзгертілді

Кәсіпкерлер «Бас санитарды қызметінен босату керек» деп ұрандатты

Шымкентте кәсіпкерлердің наразылығынан кейін санитарлық қаулы өзгертілді

Шымкентте кәсіпкерлердің наразылығынан кейін санитарлық қаулы өзгертілді. Балмұздақ, донер сияқты тағамдарды сыртта сатумен айналысатын 70-тен астам кәсіпкер бас санитар дәрігердің қаулысына наразылық танытып, әкімдіктің алдына жиналған, деп хабарлайды КТК.

Жиналғандардың айтуынша, карантин шектеулері бір-біріне керағар. Олар әкіммен кездесуді талап етіп, тіпті шаһардың бас санитары жұмыстан кетсін деген талап қойды.

Шымкент «қызыл» аймаққа енген соң, карантиндік шаралар күшейтілген қаулы шыққан еді. Бірақ құжат шағын кәсіп иелеріне ұнаған жоқ. Балмұздақ, донер мен фастфуд сататын 70-тен астам кәсіпкер таң атысымен қала әкімдігіне жиналды. Қолына плакат ұстаған олар қала әкімі шықсын деп ұрандатты.

Құжатта сыртқа тамақ шығарып сататындар мен базарға, моншаларға бірдей шектеу қойылған. Кешкі сағат 22:00-ден кейін қызмет көрсетуге тыйым салынған. Осындай ережені қаланың бас санитары Әбдіманап Төлебаевтың ойлап тапқанына сенімді топ шенеуніктің келуін талап етті.

«Біз өлуге де дайынбыз. Отырып алып анау болады, мынау болмайды дейді. Ақ-қарасын ажыратпай, өзінше шешім қабылдап отқан жігіттердің бірі – Төлебаев алдымызды орап жатқан жалғыз адам деуге болады. Мен және кәсіпкер, баршамыз біріге Төлебаев жұмыстан кетсін дейміз», - дейді кәсіпкерлердің бірі Арман Таңсықбаев.

Наразы топ әкімдік жанындағы көрме орталығына шақырылды. Ол жерге бас санитар да, қала әкімі де келген жоқ. Тілшілерді кабинетінде қабылдауға келіскен Әбдіманап Төлебаев қызметінен кеткісі келмейтінін ашық айтқан.

«Біріншіден, мен отставкаға кететіндей саяси қызметкер емеспін. Екіншіден, мен әкімшілік, мемлекеттік қызметкерімін», - деді ол.

Айтуынша, қаулыны қабылдауға бір өзі ғана емес, қаланың бүкіл шенді-шекпендісі ақылдасып, атсалысқан.  

Дегенмен, шымкенттік шенеуніктер қаулыны өзгертуге мәжбүр болды. Енді тамақты сыртта сататындарға түнгі сағат 22:00-ге дейін емес, тәулік бойы қызмет көрсетуге мүмкіндік берілді. Ал даулы қаулыны өзгертуге бар-жоғы жарты-ақ сағат уақыт кетті.

Серіктес жаңалықтары