Қостанай облысында жоғалып кеткен үш адамның денесі табылды
Марқұмдардың денесінен ешқандай зорлық-зомбылық ізі байқалмаған
Қостанай облысы Әулиекөл ауданының із-түзсіз жоғалып кеткен үш тұрғынының денесі табылды, деп хабарлайды Alau.kz.
«Екі күн ішінде бұған дейін аудан бойынша із-түзсіз жоғалып кеткен үш тұрғынның мәйіті табылды. Марқұмдардың денесінен ешқандай зорлық-зомбылық ізі байқалмайды. Жасалған сараптама нәтижесі олардың суықтан үсіп қайтыс болғанын көрсетті», - делінген ақпаратта.
Бұған дейін аудандық полиция бөліміне Аманқарағай ауылының 46 жастағы тұрғыны жүгініп, күйеуі, 49 жастағы Луковенко Сергей Леонтьевичтің 2020 жылдың 20 қарашасында үйден шығып, сол күйі оралмағанын хабарлаған. Алайда ер адамның денесін 2021 жылдың 19 сәуірінде жергілікті тұрғын тауып алған.
Сондай-ақ, 19 ақпан күні Диевка ауылының 35 жастағы тұрғыны Феоктистов Юрий Николаевич жоғалып кеткен. Оның әйелі күйеуінің жлғалып кеткені туралы полицияға шағымданған. Марқұмның денесін 18 сәуір күні жергілікті кәсіпорынның жұмысшысы тауып алған.
Сонымен қатар 19 сәуір күні полиция қызметкерлері жүргізген іздеу жұмыстарының нәтижесінде Құсмұрын ауылының маңынан Мифтахова Валентина Антоновнаның денесі табылды. Ол 2021 жылдың 6 наурызында үйінен шығып кетіп, қайтып оралмаған.
«Әулиекөл аудандық полиция бөлімі із-түзсіз жоғалып кеткен тұрғындарды белсенді іздеу жұмыстарына қатысқан еріктілер мен жанашыр азаматтарға арықша алғыс білдіреді», - делінген ПД хабарламасында.