$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.04.2021, 23:49
Оқиғалар

Алматыда 90 млн теңгеге алынған медициналық костюмдер құрылысшыларға арналған болып шықты

Бір жылдан бері қоймада шаң басып жатқан қорғаныс құралдары қыруар бюджет қаржысына алынған

Алматыда 90 млн теңгеге алынған медициналық костюмдер құрылысшыларға арналған болып шықты
Фото: Global Look Press

Алматыда 90 млн теңгеге сатып алынған жеке қорғаныс құралдары бір жылға жуық уақыттан бері қоймада шаң басып жатыр. Себебі, ол костюмдер эпидемиологтарға  емес, құрылысшыларға арналған болып шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматының бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің өтініші бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мониторингтік топ қоймада бір жылдай уақыт бойы сақтаулы тұрған жеке қорғаныс құралдарына тексеру жүргізді. Қоймада түсірілген видеоны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мониторинг тобы төрағасының  орынбасары Рафаэль Гасанов өзінің Facebook-парақшасында жариялады.

Қойманы тексеру барысында тауарлардың 2020 жылдың маусым айында республикалық бюджеттен қаржысына сатып алынғаны анықталды. Барлығы 90 млн теңгеге 12 мыңға жуық костюм сатып алынған. Бір жиынтық костюм 7500 теңге тұрады. Қазір қоймада 7028 данасы қалыпты.

Бекшин костюмдерді тексеріп көріп, олардың талаптарға сай келмейтінін мәлімдеді. Белгілі болғандай, қоймада медициналық емес, құрылысшыларға арналған жеке қорғаныс киімдері сақталып келген екен.

«Бұл костюмдер шаң мен бояудан қорғайды, бірақ су өткізеді, сондықтан эпидемиологтардың қолдануына жарамсыз болып саналады. Оны ешқандай зертханасыз да тексеріп көруге болады. Егер су өткізсе, демек, вирусты да өткізеді. Мен эпидемиологтарды мұндай қорғаныс құралдарымен ауру ошақтарына жібере алмаймын. Құжат бойынша да еш сәйкестік жоқ екенін көруге болады, мұның бәрі көзбояушылық екені айдан анық білініп тұр», - деді Ж.Бекшин.

Сондай-ақ, бас санитар дәрігер қоймада Денсаулық сақтау министрлігінің талаптарына сәйкес келмейтін көзілдірік пен маскалар бар екенін айтты.

«Біз сотқа бердік. Алайда бір инстанция өткенімен, соттар тез қарап, еш негізсіз қабылдамай жатыр», - деді Жандарбек Бекшин.  

Бас санитар дәрігердің айтуынша, қалада онсыз да жеке қорғаныс құралдары жетіспей жатыр екен. Тіпті қоймадағы міндетті екі айлық қордың да таусылғанын айтты. Қазір өзге аймақтардан артылған жеке қорғаныс құралдарын сатып алуға тура келмек.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы арнайы мониторингтік топ төрағасының орынбасары Рафаэль Гасанов жағдайға қатысты түсініктеме берді.

«Әсел Қалықованың пікірінше (санитар дәрігердің орынбасары – ред.), бұл жеке қорғаныс құралдары эпидемиологтарға арналған екен, алайда өзге санитарлық дәрігерлер олай емес дейді. Жалпы түсініксіз болып тұр. Біз бәрін анықтап алған соң комитетті шақырамыз. Сараптама көрсеткендей, ешқандай сертификат жоқ. Көзілдірікке, костюмге және маскаға жеке-жеке  сертификат болуы тиіс еді. Бірақ оның ешқайсы жоқ», - деді ол.

Гасанов Алматы қаласының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің сот шешіміне шағымданатынын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары