Ақмолада аса ірі мөлшерде есірткі алып өтпек болғандар ұсталды
16 кг «гашиш» есірткісі мен 17,5 млн теңге ақша алып бара жатқан топ қолға түсті
Ақмола облысында полицейлер өңірге аса ірі көлемде гашиш есірткісін алып өтпек болғандарды қолға түсірді, деп хабарлайды «Aqmola News».
Облыстық Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі басқарманың қызметкерлері жедел-іздестіру шарасы кезінде 16 киллограмнан асатын «гашиш» есірткісі мен 17 миллион 500 мың теңге ақшаны алып бара жатқан топты ұстаған.
«Тәжірибелі қызметкерлердің жедел ұйымдастырылған әрекетінің нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласы мен өңір аумағына аса ірі көлемде жеткізілген «гашиш» есірткісін жеткізуді ұйымдастырған 3 азамат қолға түсті», – деді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-тармағымен «Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өндіру және заңсыз сақтау» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті азаматтар уақытша оқшаулағышқа қамауға алынған.
«Басқа ақпараттар тергеу жүргізіліп жатқанына байланысты жарияланбайды», – деп толықтырды облыстық ПД Есірткіге қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Мейрам Жаппасов.