Жәрдемақы алады – шиномонтажда тұрып жатқан әкенің жағдайына қатысты әкімдік жауабы
Әйелі қайтыс болып, ауру баласын өзі қарап отырған азамат көпшіліктен көмек сұраған
Нұр-Сұлтанда ерекше қажеттілігі бар кәмелетке толмаған баласымен бірге шиномонтажда тұрып жатқан тұрғын Вячеслав Дружининнің жағдайына қатысты қалалық әкімдік жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Вячеслав Дружининнің кәмелетке толмаған ұлы қажетті медициналық көмекті толық көлемде алып отыр. Қазіргі уақытта бала №1 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында емделуде. Ауруханадан шыққаннан кейін медициналық тексеріс нәтижесіне сәйкес, баланың қай оңалту орталығында одан ары ем алатыны белгілі болады», - делінген әкімдік хабарламасында.
Әкімдік сондай-ақ, баланың әкесі ай сайын 125 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы алып отырғанын жеткізді.
«Вячеслав Дружинин ай сайын 125 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы алуда. Қала әкімдігі балаға қажет, заңмен белгіленген медициналық және әлеуметтік көмекті толыққанды көрсетіп отыр. Отбасының тұрғын үй мәселесі тек заң аясында шешіледі», - делінген хабарламада.
Еске салсақ, бүгін Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, жалғызбасты әке Вячеслав Дружининнің пәтерақысын төлей алмағаны үшін балаларымен бірге шиномонтажда тұрып жатқаны туралы жазған болатынбыз. Жақында ғана әйелі қайтыс болған азамат екі баласына өзі қарауға мәжбүр екенін, қарызға батқандықтан көпшіліктен көмек сұрағанын айтқан еді. Жалғызбасты әкеге қазақстандықтар тез арада жарты миллион теңгеден астам ақша жинап берген.