ШұғылҚазақстанда коронавируспен ауырғандар саны 404 мыңнан асты

Жүргізуші тамақ жеп келе жатқан: Шымкентте 5 жасар қызды автобус басып өлтірді

Автобус жүргізушісі бүлдіршінді қаққанын байқамаған қалпы он метрдей сүйреп әкеткен

 

Шымкентте бес жастағы қыз баланы автобус астына түсіп жан тапсырды. Куәгерлердің сөзіне сүйенсек, қоғамдық көлік жүргізушісі кішкентай қызды тіпті байқамаған да көрінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Жол-көлік оқиғасы түскі сағат 13.00 шамасында болған. Куәгерлердің айтуынша, кішкентай қыз жолдың қақ ортасында соңғы сәтте жан-жағына жалтақтап тұрған екен. Бұл видеоны әкесі түсірген. Оның айтуынша, қызын автобус қаққан күйі он метрдей сүйреп кетіпті. Оқиғаның куәгерлері жүргізуші оны мүлдем байқамағанын айтады. Тек сырттағы халық шулап айқайлаған соң ғана тоқтапты.  

«Негізінде, қыз автобустың астында қалған кезде бәрі шулады. «Астыңа қара, астыңа қара!» деп бәрі жүргізушіге айғайлады. Ал ол рөлде құлағына құлаққап киіп отырған еді, «Не болды, не болды, неге шулап жатырсыңдар?» деп халықтан сұрап жүр», - дейді куәгер Мадина Акбаралиева.

«Ол тамақ жеп келе жатыр еді. Құлағында құлаққап болған сияқты, нақты көрмедім, бірақ тамақ жеп келе жатқанын көрдім. Кондуктор екеуі, кондуктор алдында тұрған еді. Сөйтіп автобус бұрылам деді ме, әлде бұрды ма, әйтеуір бірдеңе істеді, сол сәтте баланы дөңгелегіне қыстырған қалпы сүйреп кетті ғой. Арғы шеттегі таксилер тоқта-тоқта деп айғайламаса, байғұс қызды көшенің басына дейін сүйреп апаратын еді, онда ол қыздың дымы қалмайтын еді», - дейді тағы бір куәгер Әмина Тұрғанбаева.

Куәгерлер сол сәтте бүлдіршіннің жалғыз болғанын, ол дүкенге кіріп сағыз алған соң базар жаққа қарай бет алғанын баяндады. Әкесі кенжесін кеше жер қойнына тапсырғанын айтты. Ол «қызым базарға менің жұмысыма келе жатты-ау» деп топшылайды.

«Молдағұлова көшесінде кішкентай қызды қағып кетті дегенді естіп жүгіріп келсем, өз қызым екен... Автобус баллоны езіп жіберіпті. Ішек-қарны ақтарылып жатыр. Мен келер алдын тірі болған екен. Жүргізуші қайда қарады?!.», - деп егілді марқұм қыздың әкесі Мургумшах Набиев.

147 бағыттағы автобус «T-Bus» компаниясына тиесілі. Алайда бағытқа жауаптылардан қандай да бір жауап алу мүмкін болмады. Ал жолаушылар тасымалына жауапты басқарма өкілдері автобустың жылдамдығы сағатына 40 шақырымнан аспағанын алға тартты.

«Егер жүргізушінің кінәсі анықталып жатса, келісімшартты бұзу мәселесі қаралатын болады. Ол тергеу амалдары нәтижесіне сәйкес. Сонымен қатар барлық көлік компаниялырына ескертулер жасалды», - деді Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Наурыз СҮГІРӘЛИЕВ.

Қазір бұл жайтпен полиция айналысып жатыр. 1979 жылы туған автобус жүргізушісі қамауда отыр. Егер оның кінәсі дәлелденсе, бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.