Жұмыста ішімдік ішкен сот төрағасы мен судьялар қызметінен босатылды – Жоғарғы сот
Соңғы екі жылда кәсіби жарамсыздығы үшін 83 судьяның бірқатары қызметінен босатылып, қалғанының лауазымы төмендеген

Бүгін бірқатар БАҚ-та «За распитие алкоголя на работе уволили председателя и трех судей Усть-Каменогорского суда» атты тақырыпта материалдар жарияланды. Шындығында, Өскемен қаласында сот төрағасы мен үш судьяның спирттік ішімдікті ішу фактісі болған. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметінің жетекшісі Айдос Сәдуақасов Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сот жюриі тәртіптік комиссиясының 2018 жылғы 21 желтоқсандағы шешіміне сәйкес аталған оқиға бойынша теріс қылық жасағаны үшін 4 судьяны қызметінен босату туралы ұсыныс берілген.
Президенттің 2019 жылғы 20 ақпандағы жарлығына сәйкес олар теріс қылық жасағаны үшін атқарып отырған лауазымдарынан босатылған.
«Жоғарғы сот сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүргізе отырып, судьялар корпусын «кездейсоқ адамдардан» арылту бойынша тиісті жұмысты жүргізуде. Соңғы екі жыл ішінде кәсіби жарамсыздығы үшін 83 судьяның бір бөлігі қызметінен босатылса, қалғандары лауазымынан төмендетілген. Бұл көрсеткіш бұған дейінгі кезеңдегі көрсеткіштен 4 есе көп», - делінген жазбада.