$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
09.04.2021, 12:46
Оқиғалар

СҚО-да кейбір жолдарды су басты

Әзірге көлік қозғалысына шектеу қойылған жоқ

Солтүстік Қазақстан облысында Волошенка-Сергеевка-Тимирязево бағытындағы жолдың 45 метр аумағын еріген қар суы басып қалды. Әзірге көлік қозғалысы шектелген жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Жолды су басу фактісі Қаратал ауылынан 4 шақырым жерде тіркелген. Төтенше жағдай қызметі мамандарының айтуынша әзірге жақын маңдағы елді мекендерде орналасқан үйлерді су басу қаупі жоқ.

Сонымен қатар, еріген қар суы өңірдегі Покровка-Горное-Антоновка бағытындағы облыстық маңызы бар автомобиль жолының үстінен өтіп кеткен. Есіл ауданы Горное елдімекенінің маңында үлкен көлге айналған қар суы автожолдың бойындағы су өткізгіш құбырлар арқылы ағып үлгермей жатыр. Аталған аумақта су алған жол учаскесінің ұзындығы 30 метрге дейін жеткен.

«Кеше және бүгін ауа температурасы көтеріліп, жаңбыр жауды. Соның әсерінен қар қарқынды ери бастады. Жолды басқан су терең емес. Көліктер емін-еркін қозғалып жатыр. Бүгін су деңгейі төмендеп жатыр. Жағдай бақылауда. Жақын маңдағы ауылдар үшін қауіп жоқ. Жекелеген аулаларды су басқаны болмаса, үйлерге кірген жоқ. Қар суын сорғызып жатырмыз. Арықтарды тереңдеттік. Мамандар жұмыс істеп жатыр. Оның үстіне жақын күндері ауа райы тағы да жылына түспек», - дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожинов.

Сонымен қатар, Айыртау ауданында жылыжаймен айналысатын шаруашылықтарға қауіп төніп тұр. Төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, бірнеше жылыжайдың ішіне су кірген.

Синоптиктердің мәліметінше, облыстағы өзендердің суы біртіндеп көбейіп келеді. Мәселен, Гусаковка ауылының маңында Бабықбұрлық өзенінің деңгейі шамамен бір тәуліктің ішінде 26 см көтерілген. Шарық өзені Рузаевка елдімекенінің маңындағы Шарық өзенінің деңгейі 47 см-ге жоғарылады. 

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#СҚО #су басу