$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
08.04.2021, 22:59
Оқиғалар

БҚО-да мектеп директоры оқушының зорланғанын жасырды деген күдікке ілінді

Өгей әкесі үш жыл бойы зорлап келген бүлдіршінге ара түсуге ешкім асықпаған көрінеді

Мал құлағы – саңырау. Батыс Қазақстан облысында адам аузы бармайтын қылмысты құзырлы органдардан жасырып қалды деген күдікпен мектеп директоры жауапқа тартылды, деп хабарлайды деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Айта кетелік, осы өңірдегі Жаңақала ауданының тұрғыны он жастағы өгей қызын үш жыл бойы зорлап келген. Бірақ қорғансыздың күнін кешкен періштеге ара түсуге ешкім асықпаған көрінеді. Енді олар осы салғырттығы үшін жауапқа тартылып жатыр.

Мектеп директорына тағылған айыппен қорғаушысы келіспейді. Өйткені қыздың жәбірленгенін алдымен ата-анасы немесе туыстары хабарлауы керек екен. Ал мектеп ұжымының олардан бұрын полицияға шағынуы міндетті емес дейді қорғаушы.

«Біздің қорғауымыздағы директор мен прокурор екеуінің арасындағы ашу-араздықтың салдарынан іс насырға кетіп жатыр. Намысы тапталған прокурор Лариса Тұрарқызына солай айтып тұр ғой: «Мен сені жұмыстан шығартамын, соттатамын!» деп. Туған шешесі «параноидты шизофрения» диагнозымен есепте тұр, бір баласының ақыл-есі кеміс, үш баласын үш еркектен туған деген мәлімет бар», - деді қорғаушы Айсұлу Биялиева.

Бұл уәжді заңгерлер де құптап отыр. Өйткені қылмыс мектептен тыс жерде жасалған. Сондықтан ұстаздарды бұған кінәлаудың қисыны жоқ.

«Бұл іске оқытушылар мен директордың қандай қатысы бар? Егер осы оқиға мектепте болып, олар жасырып қалса, бірсәрі. Сондықтан бұған ең алдымен, ата-анасы мен туысқандары жауапты. Егер құзырлы органдар тергеуді осылай біржақты жүргізетін болса, онда психологтар бастаған мектептің бүкіл қызметкерін жабу керек сияқты», - деді «Адам құқықтарын қорғау жөніндегі» Қазақстан халықаралық бюросының БҚО филиалының  директоры Павел Кочетков.

Өгей қызына озбырлық жасаған жігіт былтыр 22 жылға сотталып кетті. Енді полиция қылмысты жасырып қалды деген күдікпен мектеп директорына іс қозғады.

«БҚО ПД-імен бұл іске қатысты ҚР ҚК 434-бап бойынша тергеу амалдары жүргізілді. Қазіргі таңда іс сотқа жолданған болатын. Азаматша облыс аумағынан шықпау бойынша қолхатпен қазіргі таңда үйінде отыр», - деді БҚО ПД баспасөз қызметінің жетекші маманы Мөлдір Садырғалиева.

Елді дүрліктірген қылмыстың беті ашылған соң, мектептегі басқа қызметкерлер де жазасыз қалмапты. Мектеп психологы мен интернат меңгерушісі, әлеуметтік педагог секілді мамандар қатаң сөгіс арқалаған. Ал директордың кінәсі дәлелденсе, алты жылға темір торға қамалуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары