ШұғылКоронавирус пен КВИ пневмониясынан қайтыс болғандардың саны жарияланды

Ақмола облысында ірі жол апатынан үш адам қаза тапты

Қатты соққы салдарынан «ГАЗель» көлігіндегі газ баллоны құрылғысы жарылып кеткен

Фото: Ақмола облысы ПД баспасөз қызметі

Ақмола облысында үш көлік соқтығысқан ірі жол-көлік оқиғасы салдарынан үш адам қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 7 сәуір күні түскі сағат 14:10 шамасында Көкшетау – Атбасар тасжолында болған жол апаты кезінде қатты соққыдан шағын автобус жарылып, жеңіл көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында мерт болған.    

«Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары алдын ала болжам бойынша шамамен 13:59-да «Ваз 2110», ГАЗель» және «Фольксваген Гольф» көліктерінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болғанын анықтады. Қатты соққы салдарынан «ГАЗель» көлігіндегі газ баллоны құрылғысы жарылып кеткен.

Жол-көлік апаты салдарынан Volkswagen көлігіндегі екі жолаушы мен жүргізушісі оқиға орнында көз жұмған. Сондай-ақ, «ГАЗель» автокөлігінің жолаушысы түрлі деңгейдегі дене жарақатымен Атбасар аудандық ауруханасына жеткізілді», – делінген ПД хабарламасында.   

Қазіргі уақытта аталған факт бойынша полицейлер Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-тармағы «Көлік басқарушы тұлғаның жол қозғалысы ережесін бұзып адам өліміне себеп болуы» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Тәртіп сақшылары барлық жол қозғалысы қатысушыларын жолда өте сақ болуға шақырады.