Ақтауда зейнет жасындағы азаматтың үйінен есірткі мен тапанша табылды
Күдіктінің үйінде 60 жастағы Өзбекстан азаматы да болған

Маңғыстау облысының полиция өкілдері жасырын тергеу әрекеттерін жүргізіп, С. есімді азаматтан салмағы 1,9 грамм «героин» есірткісін сатып алу операциясын жүргізді.
2 сәуірде сағат 15:00 шамасында жедел-іздестіру кезінде тұрғылықты жері бойынша пәтерден 66 жастағы азамат С. ұсталды. Тінту барысында пәтерден:
- салмағы 30 грамм болатын «героин» есірткі заты бар шыны банкі;
- салмағы екі грамм «героин» есірткі заты бар бір қағаз түйіншек;
- бір дана ПМ маркалы тапанша және екі дана тапаншаның оқ-дәрісі;
- бір дана «Стражник» маркалы тапанша, тоғыз дана оның оқ-дәрісі;
- үш дана қолдан жасалынған пышақ;
Сондай-ақ, пәтердегі тоңазытқыштан салмағы 5 келіні құрайтын бекіре тұқымдас балықтардың төрт данасы табылып, алынды.
Бұдан бөлек, ұсталған азаматтың «Шығыс-1» ықшам ауданындағы салынып жатқан үйінде жұмысшы - 60 жастағы Өзбекстан азаматы болған. Тінту іс-шараларын жүргізу кезінде үйден:
- бір дана «ОСА Лазер» маркалы тапанша, оның үш дана оқ-дәрісі;
- бір дана қолдан жасалған пышақ тәркіленді.
Ұсталған азамат Ақтау қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал шетелдік азамат қабылдау-тарату орнына орналастырылды.