$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.04.2021, 01:17
Оқиғалар

ШҚО-да депутат мұғалімді ұрған – «Nur Otan» мәселені өз бақылауына алды

Ұстаздың аудандағы проблемаларды көтеруі депутаттың шамына тиген

ШҚО-да депутат мұғалімді ұрған – «Nur Otan» мәселені өз бақылауына алды
Қ.Біләлов атындағы мектеп-лицейдің мұғалімі Өмірхан Қанағатов

ШҚО Тарбағатай ауданында депутат мектеп мұғалімін соққыға жықты. Оқиға 1 сәуір күні түскі сағат 12:00 шамасында болған. Аудандық мәслихаттың депутаты Сержан Омарбеков мектепке ұстазды арнайы іздеп келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Ол кезде география пәнінің мұғалімі Өмірхан Қанағатов балаларға сабақ беріп жатқан. Қоңырау кезінде мұғалімді жеке кабинетке шақыртып, аудандағы проблемаларды әлеуметтік желіге жарияламауды өтінген. 

«Алғашқы әскери дайындық кабинетіне шақыртып, біраз уақыт сөйлескен соң  шекемнен ұрып құлатты. Өзі аудандық мәслихаттың депутаты, спорт мектебінің директоры, малы көп, аудандағы байлардың бірі. Көкірек ұрып тұр. Біз сияқты халықтың проблемасын көтерген қарапайым мұғалімді менсінбейді. Өзі спортшы, чемпион болған кезінде. Қарсы столда отырып, маған аудандағы мәселелерді әлеуметтік желіге шығармауды, тыныш жүруді айтты. Мен оның ұсынысымен келіспедім. Басымнан ұрып құлатқан соң,  үстіме шығып алып тағы соққы жаудырмақшы болғанда өзге адамдар қаптап кетіп, арашалап алды. Кабинетте тағы бір мұғалім болған, ол депутаттың сыныптасы.Ол мәселені айтудан бас тартты», - деді 46 жастағы мұғалім Өмірхан Қанағатов.

Шекесінен жарақат алып, қан қысымы көтерілген мұғалімнің соққыға жығылғанын өзге де әріптестері көрген. 24 жылдық тәжірибесі бар ұстаз Тарбағатай ауданындағы халықтың мәселелерін тұрақты көтеріп, қордаланған мәселелерді биліктен талап етіп келген. Айтуынша, бұл әрекеті жергілікті атқамінерлердің шамына тиген. 

«1997 жылы Ақсуат ауданы Тарбағатайға қосылды. Аудан орталығы – Ақусат ауылы. Мұғалім аудан бөлек шығуы керек деп үнемі айтып жүр. Өйткені, шекаралық аймақ бос қалмауы керек. Ауылдардан ел көп көшіп жатыр. Халық саны азайып бара жатыр. Шеткі ауылдар аудан орталығынан 350 км шалғайда орналасқан. Экономикалық жағынан бұл өте тиімсіз, құжат жөндеу кезінде тұрғындар қиналады. Шекарадан тұрғындар 80-100 км алыстап кетті. Құрылыс, үй салу кенжелеп қалған. Көңіл бөлінбейді. Қытаймен шекарадағы Ахметбұлақ, Сарыөлең, Жалаңаш, Қамысты, Асусай сынды ауылдар қаңырап тұр. Халық көшіп жатыр. Аудан бойынша 56 мың адам болса, қазір 38 мыңдай ғана қалған. Осындай өзекті мәселелерді мұғалім үнемі айтып жүр. Депутат мұғалім мәртебесі туралы заңға да пысқырмаған», - дейді тағы бір тарбағатайлық ұстаз Мейіржан Темірбек.


Тарбағатай аудандық мәслихатының депутаты Сержан Омарбеков

Бұл оқиғадан соң бір топ белсенді мұғалімді қолдау үшін Ақжар ауылына барған. «Мектеп төбелес ашатын орын емес әрі сабақ уақытында мектепке ешкімнің рұқсатсыз кіруіне болмайды» дейді ашулы азаматтар. Ал депутат карантинді, қазіргі қиын ахуалды да ескермей, кабинетке кіріп төбелес шығарған. Тіптен ауыл әкімі наразылық білдірген азаматтарға  «Өмірхан өзі құлап қалған» деген. Биліктегілер соққы алған ұстазды ауыл ақсақалдарының кеңесіне салып, мәселесін қарамақ та болған көрінеді. Ауылдағы әлеуметтік жағдайды ақылмен емес, жұдырықпен шешуді жөн көрген депутаттың үстінен әкімшілік іс қозғалуы мүмкін. 

«Сағат 11:50-де сабақ біткен еді. Оқиға қоңырау кезінде болды. Кеше «Қайда барсаң онда бар, қолыңан не келеді, білгеніңді жасап ал!» деген. Менің ойымша, оны менің аузымды жапқызу үшін аудан әкімі жіберіп отыр,. Депутат 55 жаста. Өзін осы ауданның қожайыны санайды. Енді бүгін таныстарын салып, кешірім сұратып жатыр. Полицияға арыз жазып, сараптамадан өттім. Бас жарылып, көз шыққан жоқ, білуімше, депутатқа әкімшілік іс қозғайтын сияқты», - деді Біләлов атындағы мектеп-лицейдің мұғалімі Ө. Қанағатов.  

Қазіргі уақытта осы ақпарат негізінде «Nur Otan» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы мәселені өз бақылауына алды. Сонымен қатар, осы мәселе бойынша арнайы партиялық бақылау комиссиясының отырысы өткізіліп мәселе жан-жақты зерделенетін болады. Егер мәслихат депутаты кінәлі болып табылса партия тарапынан тиісті шара қолданылады.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары