Нұр-Сұлтандағы халықаралық әуежайда оқ атылды
«Нұрсұлтан Назарбаев» әуежайында оқ атылғанын Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі растады
Астанадағы «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайында оқ атылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Әлеуметтік желілерде «3 желтоқсан күні «Нұрсұлтан Назарбаев» халықаралық әуежайының Ұшу сапарларын өрттен және апаттан құтқаруды қамтамасыз ету қызметінің ғимаратында авиациялық қауіпсіздік қызметі инспекторы қару тексеріп жатқанда қару өздігінен атылып кетіп, үш инспектор жарақат алды» деген ақпарат тарады.
Халықаралық әуежайда оқ атылғанын Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі растады.
«Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 114-бабы 3-бөлігі бойынша (денсаулыққа абайсызда жарақат келтіру) Нұр-Сұлтан қаласындағы әуежайдың полиция желілік бөлімінің тергеу бойынша бірыңғай реестріне тіркелді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүріп жатыр», - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметінен.