СҚО-да заңсыз аң аулаған әкелі-балалы екеу ұсталды
Аң аулау маусымы былтыр желтоқсан айында жабылған
СҚО Қызылжар ауданының Лесной ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы Сағидолла Етекбаев заңсыз аң аулау фактісін анықтаған.
Учаскелік полиция инспекторы 28 наурыз күні сағат 21:30 шамасында ауылдағы автожолмен өтіп бара жатқанда жол жиегіне тоқтаған 64 жастағы ауыл тұрғынының ВАЗ маркалы автокөлігін байқаған. Полицей тоқтап, қандай көмек қажет екендігін сұраған. Ер адам көлігінің бұзылып қалғаны, ұлының қажетті бөлшекті әкеле жатқаны жайлы айтқан. Алайда учаскелік инспектор шетте тұрған жас жігітті байқаған. Ол 29 жастағы жігіттің көлікке сібір елігінің өлі денесін сүйреп бара жатқанын көрген.
Учаскелік инспектор оқиға орнына дереу жедел-тергеу тобын шақырған. Көліктен 12 калибрлі тегіс ұңғылы қару алынды. Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы (Заңсыз аңшылық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
«Күдіктілердің үлкенінің айтуынша, ол қарудың серіппесін ауыстырып, тексеріп көрмек болған. Ұлымен орманға барғанда оның көзіне елік іліккен.
Тергеу әрекеттері жүргізілуде, қажетті сараптамалар тағайындалды. Бұл ауданда жыл басынан бері анықталған алғашқы заңсыз аң аулау дерегі. Өңір тұрғындарына аң аулау маусымының өткен жылдың желтоқсан айында жабылғаны жайлы ескертеміз. Аңшылардан заңнаманы қатаң сақтауды сұраймыз, – деді Қызылжар ауданының ПБ бастығының міндетін атқарушы Пётр Климов.