Елордада төтеншеліктер құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр

Құтқарушылар осы уақытқа дейін 18 адамды, оның ішінде 2 баланы құтқарды

Елордада төтеншеліктер құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр

Құтқарушылар қарлы боранмен күресуде. «Қазгидрометтің» мәліметінше, осы жылдың 23 наурыз күні сағат 21:00-ден 24 наурыз сағат 21:00-ге дейін түнде бұрқасын болып, солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні 15-18 м/с жетеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Авариялық-құтқару, кезек күттірмейтін жұмыстарға, патрульдеуге қаланың шұғыл қызметтерінің жеке құрамы, оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД, ҚР ІІМ, ЖАО, жол қызметтері жұмылдырылды. «Рубеж» бекеттерінде автокөліктер жиналып қалды: 135 жеңіл көлік, 29 жүк автокөлігі, оның ішінде: Щучинск қаласы бағытында - 40 жеңіл, 10 жүк автомобилі; Қарағанды қаласы бағытында - 15 жеңіл, 7 жүк автокөлігі; Қорғалжын кенті бағытында - 30 жеңіл, 5 жүк автомобилі; Павлодар қаласы бағытында - 50 жеңіл, 7 жүк автокөлігі тұр.

Елордалық құтқарушылардың күшімен осы уақытқа дейін 18 адам, оның ішінде 2 бала, сондай-ақ 5 бірлік техника құтқарылды. Қазіргі уақытта ауа райының нашарлауына байланысты (қар, боран, көктайғақ, көрінудің шектелуі) Нұр-Сұлтан қаласынан республикалық маңызы бар автожолдар учаскесінде барлық автокөлік түрі үшін қозғалыс жабылды.

«Құрметті азаматтар! Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД қала сыртына шықпауға, шұғыл қызметтердің ескертуіне құлақ асуға, балаларды ересектердің қарауынсыз көшеге шығармауға кеңес береді; үйде жылыту құрылғыларын пайдаланбаңыз; жүргізушілер жолда қауіпсіз жылдамдықпен жүруі керек, сондай-ақ қауіпті маневрлерден аулақ болу керек; жолдардың ашылуы немесе жабылуы туралы ақпаратты біздің «112-Nur-Sultan» Телеграмм арнасына, сондай-ақ 112 телефоны бойынша қадағалай аласыз», - делінген ТЖД хабарламасында.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.