«Мас аға биге шақырды»: Шымбұлақта ер адам жасөспірімді соққыға жыққан
Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды
«Шымбұлақ» тау курортында орналасқан қонақүйдің бірінде 14 жастағы жасөспірімді ересек ер адам ұрып-соққан. Бұл туралы зардап шегушінің әпкесі әлеуметтік желіде жариялады.
Алматылық тұрғын 14 жастағы інісін дәмхана ішінде соққыға жыққаны туралы айтқан.
«Інімнің айтуынша, ол дәмханаға шай алуға барғанда, ортада көңіл көтеріп, билеп жүрген «ағалар» қолынан тартып биге шақырған. Бірақ інім билеуден бас тартқан. Соған шамданған бір ер адам оны соққыға жығып салған», - деп жазады бойжеткен.
Осы оқиғаға қатысты Алматы қалалық Полиция департаменті баланы ұрды деген күдікпен ер адамның ұсталғаны туралы ресми мәлімет таратты.
«Жасөспірімді ұрды деген күдікпен 1983 жылы туған А.Ж.Мәдиев есімді азамат ұсталып, ҚР ҚК 293-бабы (Бұзақылық) бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Жасөспірімге алған жарақаттарының ауырлығын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сондай-ақ, карантинді бұзғаны үшін саунада болған адамдарға қатысты әкімшілік хаттама рәсімделді», - деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.