Қазақстан мен Ресей азаматтарынан құралған қылмыстық топ мүшелері ұсталды
Топ жетекшісі – Қазақстан азаматы, қалған төртеуі - ресейліктер
11 ақпанда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ішкі істер министрлігімен бірлесіп аса қауіпті трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті.
Тексеру барысында 2020 жылғы қазан-қарашада теріс ниеттілер Ақтөбе қаласына Беларусь және Қазақстан кәсіпкерлерін алдап шақырып, психологиялық және күшпен қысым көрсету арқылы бизнесмендердің 87 млн теңге мөлшеріндегі ақшалай қаражатын иеленгені анықталды.
Одан бөлек, ақпанда мәскеулік бизнесменді – ірі инвестициялық компания басшысын Ақтөбе қаласына шақырып, осыған ұқсас жолмен 500 мың АҚШ долларын иемденуді жоспарлаған.
Нәтижесінде, Қазақстанның 1 азаматы (топ жетекшісі) мен топтың 4 белсенді мүшесі (Ресей азаматтары) ұсталды.
Тінту барысында 3 Калашников автоматы, электршокерлер, бетперделер, банк карталары, ұялы телефондар мен қылмыс жасаудың басқа да құралдар-жабдықтары табылып, алынды.
ТҰҚТ мүшелеріне қатысты қамауға алу бұлтартпау шарасы қолданылып, Қылмыстық кодекстің 264-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.